«Біз заңды қолдаймыз!»: Железиндік жастар велошеруде бас қосты
Ауқымды шараға 100-ден астам жас қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Железин ауданында жас ұрпақтың құқықтық сауаттылығын арттыруға, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға және заңға деген құрметті нығайтуға бағытталған ауқымды аудандық «Заң мен тәртіп» форумы өтті.

Іс-шараға Железин ауданының әкімі Айтуған Шайхимов, прокуратура және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің әскери қызметшілері, аудан мектептерінің оқушылары мен жастары қатысты.
Форум «Біз заңды қолдаймыз!» атты велошерумен басталып, аудан жастарын заңдылық, жауапкершілік және салауатты өмір салты идеялары төңірегінде біріктірді.

Форум аясында қоғамдық қауіпсіздік, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл, құқықтық мәдениет пен қоғамдағы жауапты мінез-құлықты қалыптастыру тақырыптарына арналған танымдық және интерактивті алаңдар ұйымдастырылды. Қатысушылар мамандарға сұрақтар қойып, өзекті мәселелерді талқылап, түрлі іс-шараларға белсенді қатысты.
Жиын қонақтарының ерекше қызығушылығын шекара және кинологиялық қызмет әскери қызметшілерінің көрсетілімдері тудырды. Форум қатысушыларына қызметтік дайындық элементтері, қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету тәсілдері таныстырылды. Сонымен қатар қару-жарақ пен арнайы техникалардың көрмесі, робототехника алаңы, дактилоскопия негіздерін үйрету жобасы және басқа да заманауи профилактикалық-білім беру бағыттары ұсынылды.

Форум соңында белсенді қатысушыларды марапаттау рәсімі өтті. Мұнда заңға құрмет, өз іс-әрекетіне жауапкершілікпен қарау және дұрыс өмірлік таңдау жасау – қауіпсіз әрі жарқын болашақтың сенімді негізі екені ерекше атап өтілді.

«Заң мен тәртіп» форумы жастар мен мемлекеттік органдар арасындағы ашық диалог алаңына айналып, құқықтық мәдениетті, азаматтық жауапкершілікті және құқықтық тәртіп институттарына деген сенімді нығайтуға өз үлесін қосты.