Қазақстан-Өзбекстан шекарасындағы екі өткізу пункті ашылды
Қазақстан мен Өзбекстанның мемлекеттік шекарасындағы жаңғыртудан өткен «Жібек жолы» және «Гишт-Куприк» өткізу пункттері ресми түрде жұмысын бастады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Ашылу рәсіміне Қазақстанның Қаржы министрі Мәди Такиев пен Өзбекстан Премьер-министрінің орынбасары – Экономика және қаржы министрі Жамшид Кучкаров қатысты.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қазақстан шекара маңындағы инфрақұрылымды жүйелі түрде жаңғыртып келеді. Осыған дейін Өзбекстан, Қытай және Түрікменстанмен шекарадағы 9 автомобиль өткізу пункті жөнделіп, пайдалануға берілген.

Биылғы 10 айда Қазақстан шекарасынан өткен автокөліктер саны 25 пайызға өсіп, 2 миллионға жетті. Ал кедендік төлемдер мен салық түсімдері 4,3 трлн теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20 пайызға артқан.
Жаңартылған «Жібек жолы» өткізу пунктінің маңызы жолаушылар ағынының жоғары болуымен де байланысты. 2024 жылы бұл нысан арқылы 11 миллионнан астам адам өткен. Өткізу пункті жөндеуге жабылған кезеңде жолаушылар басқа бағыттарды пайдалануға мәжбүр болып, көршілес пункттерге түсетін жүктеме артқан.
Жоба аясында жалпы ауданы шамамен 10 мың шаршы метр болатын екі жолаушылар терминалы салынды. Оның бірі Қазақстанға кіретін азаматтарды қабылдауға, екіншісі шекарадан шығатын жолаушыларға арналған. Көліктерді тексеруге арналған ауданы 6 мың шаршы метр ортақ қалқа да қарастырылған.
Сонымен қатар, кіреберістегі қозғалыс жолақтарының саны екіден алтыға дейін көбейтілді. Жолаушылар мен көлік ағындары бөлініп, өткізу пунктіндегі қозғалысты тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік жасалды.

Жаңартылған инфрақұрылым қарбалас уақытта тәулігіне 100 мың адамға дейін қабылдай алады. Терминалдар паспорттық бақылауға арналған 82 кабинамен және 20 автоматтандырылған Q-gate жүйесімен жабдықталған.
Кедендік бақылау үшін рентген аппараттары, жолаушылар сканерлері, радиациялық бақылау жабдықтары және автобустар мен жеңіл көліктерге арналған инспекциялық-тексеру кешендері орнатылды.
«Жібек жолы» өткізу пунктін жаңғырту Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы туристік және халықаралық жолаушылар тасымалын дамытуға да мүмкіндік береді. Мұнда жеке тұлғаларға, жеңіл автокөліктер мен жолаушылар автобустарына қызмет көрсетуге жағдай жасалған. Бұл туристік бағыттарды кеңейтіп, автобус турларын дамытуға және Қазақстан арқылы өтетін транзиттік маршруттарды күшейтуге ықпал етпек.
Ашылу рәсімінде Мәди Такиев екі ел арасындағы өткізу пункттерінің жаңғыртылуы көлік қатынасы мен іскерлік серіктестікті, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі дамытуға оң әсер ететінін атап өтті.
Рәсімге Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, Қазақстанның Өзбекстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Ералы Тоғжанов, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры Ерлан Алдажұманов та қатысты.
