100 теңгелік такси: Аққулы жастары жұма сайын тұрғындарды тасымалдайды
Акция әр жұма сайын кешкі сағат алтыдан тоғызға дейін жалғасады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аққулы ауданы «Жалын» жастар бастамаларын дамыту орталығы директорының орынбасары Құдайберген Бертімұратұлының айтуынша, аязды күндері тұрғындарға көмектесу, жастардың белсенділігін арттыру, үлкендерге құрмет көрсету мақсатында әр жұма сайын такси ауыл ішінде жүреді.
– Бұл акция сегізінші желтоқсанда басталған, наурызға дейін жалғасады. Бірінші кезекте жалғызбасты аналар, көпбалалы отбасылар, қариялар, мүмкіндігі шектеулі жандар қамтылады, – дейді Құдайберген Бертімұратұлы.
Сондай-ақ кешкі уақытта балабақшадан балаларды әкелуге көмектесіп, жерлестерін дүкендерден, мектеп пен мемлекеттік мекемелерден үйлеріне жеткізіп салады.
– Орталық тарапынан шығатын екі көлікпен бүгінге дейін 50-ден аса тұрғынды тасымалдадық. Көбінесе дүкеннен азық-түлік және басқа да заттарымен жеткізіп тастап отырамыз. Мысалы, қалалық жерлерде күн суытқанда, аяздарда такси қызметтері тарифтерін көтереді, ал біздің таксидің жолақысы – небәрі 100 теңге, – дейді Құдайберген Бертімұратұлы.
Еске сала кетейік, Павлодарда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы, Мәшһүр Жүсіп мешіті, «Зекет» қайырымдылық қорының қолдауымен «Тегін такси» акциясы ұйымдастырылуда. Іс-шараға қатысушылар – еріктілер, намазхандар. Мұндай акция жыл сайын қатты аяз кезінде өткізіліп тұрады.
Посмотреть эту публикацию в Instagram