Екібастұзда тағы да заңсыз еңбек еткен шетелдіктер анықталды
Құқық бұзушылық «Заңсыз келуші» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында белгілі болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Екібастұз қалалық полиция басқармасы көші-қон полициясы бөлімінің қызметкерлері жаңа тұрғын үй кешенінің құрылыс нысанында тексеру жүргізді. Нәтижесінде Қазақстан Республикасының көші-қон заңнамасының талаптарын бұза отырып, еңбек қызметімен айналысқан үш шетел азаматы анықталды.
Шетелдіктер полиция бөліміне жеткізілді. Оларға қатысты әкімшілік материалдар толтырылды.
Қазіргі уақытта құқық бұзушылыққа қатысты тиісті шаралар қабылдануда.
Еске сала кетейік, апта басында кеншілер шаһарында рұқсатсыз жұмыс істеген 13 шетелдік анықталған болатын.
Жалпы, жыл басынан бері көші-қон заңнамасын түрлі бағытта бұзғаны үшін 6279 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың ішінде 1504-і – шетел азаматы. Сот шешімімен 99 шетелдік азамат әкімшілік тәртіппен ел аумағынан шығарылды.