Павлодар облысында 33 ауыл әкімі сайланады
Олар аудандардағы өмірді жақсарту жобаларын жалғастыруы керек, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодарда ауыл әкімдерінің форумы өтті. Кездесуге жас шенеуніктер, тәжірибелі басшылар қатысты. Өңір басшысы Асайын Байханов өз сөзінде ауыл – ел дамуының негізгі драйвері екенін атап өтті. Әрі қарай да солай жалғасуы үшін аудандардағы өмір жайлы болуы керек. Бұл үшін жергілікті билік абаттандыру жобаларын жүзеге асыруда.
Форумға қатысушылардың қатарында Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов, «АМАНАТ» партиясы орталық аппаратының басшысы Мәди Оспанов, партияның облыстық филиалының төрағасы Илья Теренченко, сондай-ақ мәслихат депутаттары да болды.
– Биыл жергілікті өзін-өзі басқару бюджетінің көлемі 21 миллиард теңгеден асты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 21 пайызға артық. Ауылдарды дамыту мен жаңартуда мақсатындағы «Ауыл – ел бесігі» жобасымен 21 мыңға жуық халқы бар 15 ауыл жаңғыртылды. Оған қоса, осы жылы ауыл халқының мәселелерін шешу үшін 250-ге жуық жобаны іске асыруға алты миллиард теңгеден астам қаражат бөлдік. Аталған қаражат 117 ауылға бағытталды, – деді облыс әкімі.
Ауылдық тұрғындарды толғандыратын ең өзекті мәселелердің бірі – жолдар мен ауыз сумен қамту. Асайын Байхановтың айтуынша, үш жыл ішінде барлық елді мекендерге кірме жолдарын асфальттау міндетін қойылды.
Бұдан бөлек, жыл соңына дейін 18 су құбырының құрылысы аяқталады.
«АМАНАТ» партиясы орталық аппаратының басшысы Мәди Оспановтың айтуынша, әкімдер – елдің үміті.
– Ауыл әкімдерінің сайлауы саяси жаңғырудың жаңа кезеңін білдіреді, сонымен қатар жүргізіліп жатқан реформалардың жүйелілігі мен тиімділігін көрсетеді. Бұл жергілікті халықтың қолдауына ие болып, ауылды басқарудың өзіндік үлгісін жасап жатқаныңызды білдіреді. Келесі жылы барлық қалалар мен аудандарда әкім сайлауы өтеді. Сонымен қатар, бюджеттік орталықсыздандыру жүргізілуде. Жергілікті өзін-өзі басқарудың қаржылық дербестігін арттыру қажет. Үкіметке жаңа бюджет және салық кодекстерін әзірлеу аясында бюджетті қалыптастыру және ауыл әкімдерінің қаражатын жұмсау механизмін қайта қарау тапсырылды, – деді Мәди Оспанов.
Тереңкөл ауданындағы Калинов ауылдық округінің жас әкімі Санжар Рыспеков ауылдарда көптеген проблемалар болғанын мойындады. Ол сайланған кезде жергілікті тұрғындар бірнеше жыл ішінде үлкен өзгерістерге қол жеткізуге болатынына сенбеген.
– Форумға атқарылған жұмыстар туралы айтып беруге келдім. Ауылдық округ әкімінің қызметіне келгеніме үш жыл болды. Үш жыл ішінде Калиновкада барлық жолдар төселіп, 150 шам қойылып, әкімшілік ғимараттар жөнделді, – деді Санжар Рыспеков.
Өңір басшысы әкімдер – өз өңірінің тағдырына бей-жай қарамайтын жауапты азаматтар болуы тиіс екендігіне баса назар аударды. Ол биыл ауылдық округтерде 30 әкім сайланғанын, келесі жылы 33 ауылдық округтердің әкімін сайлауы өтетінін атап өтті.
Форум ауыл әкімдері мен депутаттар арасында өзара тәжірибе алмасуға, мәселелерді нақтылауға, алдағы жоспарларды айқындауға септігін тигізді. Іс-шараның екінші бөлімінде қатысушыларға ауылдық округ бюджетін қалыптастыру және пайдалану бойынша семинар-тренинг өткізілді.