Екібастұзда атып кеткен ер адамның жағдайы ауыр

Екібастұзда атып кеткен ер адамның жағдайы ауыр
Фото: Константин Шелков

Облыстық денсаулық сақтау басқармасында оқ ату салдарынан зардап шеккен  тұрғынның жағдайы туралы айтты, деп хабарлайды  Рavlodarnews.kz.

– Екібастұз қалалық ауруханасына 15 мамыр күні сағат 18.10-да бел  мен іш, иық, мықын аймағының оқ жарақатымен  жансақтау және қарқынды терапия бөлімшесіне жатқызылды, – дейді басқармада.

Зардап шеккен азаматтың жағдайының ауырлығына байланысты бірден ота жасалған. Қазіргі таңда жансақтау бөлімінде ем алуды жалғастыруда. Жағдайы тұрақты ауыр деп  бағаланады.

Естеріңізге сала кетейік,  15 мамыр күні сағат 17:40 шамасында Екібастұз қаласы полиция басқармасының кезекші бөліміне М.Жүсіп көшесіндегі медициналық орталықтың жанында әйел адам көмек сұрап жатқаны туралы хабарлама түскен. 

Аталған мекенжайға дереу жедел тергеу тобы жіберілді. Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері бейнебақылау камераларынан жазбаларды алып, зерделеді. Белгісіз атыс қаруынан белгісіз адам Екібастұз қаласының 32 жастағы тұрғынына оқ атқаны анықталды. Ер адам ауруханаға жатқызылды. Оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталуда.