Павлодар облысы теміржол көлігімен жүк тасымалдау бойынша көш бастады
Елімізде биыл қаңтар-ақпан айларында теміржол көлігімен 3,5 млн жолаушы тасымалданды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ranking.kz сарапшылары таратқан мәліметтерге сүйенсек, бұл – өткен жылмен салыстырғанда 10,2%-ға артық. Жолаушылар айналымы өткен жылдың қаңтар-ақпан айларына қарағанда 2,2%-ға артық, 2,5 млрд жкм құрады. Ең жоғары көрсеткіш Астанада тіркелді: 1 млн адам, жылына қосымша 15,5%. Бұдан әрі Ақтөбе (308,9 мың адам) және Қарағанды (237,4 мың адам) облыстары тұр.
Жүк пен багажды теміржол көлігімен тасымалдау екі айда 61,6 млн тоннаны құрады. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 6,1%-ға жоғары. 2024 жылғы қаңтар-ақпанның қорытындысы бойынша өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,2%-ға аз, жүк айналымы 48,8 млрд жкм құрады.
– Өңірлік бөліністе ең үлкен көрсеткіш Павлодар облысына келді: 6,5 миллиард тонна, жылына минус 3,5%. Одан әрі Астана (6,4 млрд тонна) және Ақтөбе облысы (5,7 млрд тонна), – деп жазылған хабарламада.
Ағымдағы жылдың ақпан айының қорытындысы бойынша жолаушылар теміржол көлігі қызметтерінің бағасы жылдық қарқынмен 7,3%-ға өсті. Оның ішінде қала маңындағы пойызда жол жүру – 7,6%-ға, республикаішілік қатынастағы пойыздың купе вагонында – 7%-ға, республикаішілік қатынастағы пойыздың плацкарт вагонында 7,1%-ға қымбаттады.