Павлодарда жасылелдіктер туризм орталығында жұмысқа кірісті

Павлодарда жасылелдіктер туризм орталығында жұмысқа кірісті
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

«Жасыл ел» жасағының жастары кезекті ХХ еңбек маусымын бастады, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бірінші жасақтың сарбаздары балалар мен жасөспірімдерге арналған экология және туризм орталығында жұмысқа кірісті. Кездесу барысында олар қауіпсіздік техникасының негізгі қағидаттарымен танысып қана қоймай, бүкіл мектеп аумағына қызықты экскурсия жасады. Әр сарбаз қауіпсіздік пен жайлылықты қадағалайтын мұғалімнің жұмысымен танысты.

Сонымен қатар, «Жасыл ел» облыстық штабының директоры Русана Самекова жоғары электроника және коммуникация колледжінің студенттеріне жазғы кезеңге арналған жұмыспен қамту бағдарламасы туралы айтып берді.

–   Аталған бағдарламаға 16 жастан бастап оқушылар мен студенттер, сондай-ақ 34 жасқа дейінгі жұмыссыз жастар қатыса алады. Қатысушыларға әрбір отрядтың түріне байланысты 60-тан 120 мың теңгеге дейінгі мөлшерде сыйақы төленеді. Жастар қаламыздың саябақтарында, құрылыс нысандарында, «жасыл белдеуде» еңбек етуде, – дейді Русана Самекова.

Айта кетейік, Павлодар облыстық «Жасыл ел» штабы республика бойынша үздік нәтижелер көрсетуде. Жыл сайын жұмыс істеуге мүдделі жастар саны артып келеді. Олар қаланың құрылыс объектілеріндегі құрылыс инженерлеріне, технологтарға, монтаждау-құрылыс жұмыстарының шеберлеріне көмектеседі, қала маңындағы «жасыл белдеуде» ағаш отырғызу, көшеттерді қопсыту және суару, саябақтардың жасыл желектерін күту, аумақтарды жинау жұмыстарына қатысады.