Павлодар облысында мас күйінде қылмыс көп жасалған

Павлодар облысында мас күйінде қылмыс көп жасалған
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Алкогольдің қымбаттауы мас күйінде жасалған қылмыстар санының төмендеуіне әсер етпеген, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Finprom.kz сарапшыларының мәліметінше, мас күйінде жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтардың ең көп саны Астанада тіркелді: 718 жағдай. Одан кейінгі орында Қостанай (691 жағдай), Шығыс Қазақстан (668 жағдай), Павлодар (661 жағдай) және Ақмола (651 жағдай) облыстары тұр.  

Қазақстанда алкогольдік сусындардың бағасы 2024 жылғы желтоқсанда жылдық мәнде 8,9%-ға өсті. Атап айтқанда, коньяк 12,1%-ға, сыра 12%-ға, шарап 9,8%-ға, арақ 4,9%-ға қымбаттады. Алкогольдік ішімдіктер бағасының ең жоғары жылдық өсуі Жамбыл (13,7%-ға), Батыс Қазақстан (13,1% - ға) және Ұлытау (12,1%-ға) облыстарында тіркелді. 

 Ал Павлодар (1%-ға), Жетісу (3,3%-ға), сондай-ақ Ақтөбе және Абай (әр өңірде 7,7%-дан) облыстарында баға біршама ғана өскені байқалды. Коньяк бағасы Атырау облысында 30,2%-ға, Абай облысында 5,2%-ға қымбаттады. Павлодар облысында бағалар өткен жылдың деңгейінде қалса, Шымкентте коньяк 4,5%-ға арзандады, – дейді сарапшылар. 

Әсіресе сыра бағасы Атырау облысында (24%-ға) қымбаттаған, ал Павлодар облысында (1,8%-ға) өскен. 

Айта кетерлігі, облыста 600-ден астам азамат алкогольдік ішімдіктерді ішкені және қоғамдық орындарда мас күйінде пайда болғаны үшін жауапкершілікке тартылды.