Павлодар гарнизоны жас лейтенанттармен толықты

Павлодар гарнизоны  жас лейтенанттармен толықты
Фото: «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі

Олар енді взводқа, сарбаздарға, болашаққа жауапты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Кеше ғана курсант болған жас жігіттер бүгінде әскери бөлімдерде нағыз командирлер атанды. Бұл – жай ғана лауазым емес, бұл – Отан алдындағы қасиетті борыштың басталуы.

Ұлттық ұлан Академиясының түлектері Павлодар, Өскемен және Семей гарнизондарындағы әскери бөлімдердің сапын толықтырды. Жас офицерлер взвод командирлері мен тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі рота командирінің орынбасары қызметтеріне тағайындалды.

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, генерал-майор Арман Жұмағалиев жас офицерлермен арнайы кездесіп, жас буынға Отанға адал болу, әділдік пен абыройды серік ету – нағыз офицердің басты қасиеті екенін жеткізді.

– Сіздер — армияның болашағысыздар. Сіздерге қарап сарбаз қалыптасады, бөлім беделі артады. Еліңе, жеріңе қызмет ету — ең ұлы миссия! – деді қолбасшы.

Қызметке кіріскен күннен бастап жас лейтенанттар үшін арнайы оқу-әдістемелік жиын ұйымдастырылды. Олар жиын барысында теориялық білімдерін тәжірибе жүзінде пысықтап, жауынгерлік дайындық, әскери нарядтар мен қарауыл қызметін ұйымдастыру, бөлімшелердегі тәрбие жұмыстары, әскери құжаттармен жұмыс істеу сынды маңызды бағыттар бойынша машықтанды.

Жиынның басты мақсаты жас офицерлерді өз мамандықтарына сай бөлу және оларды командир ретінде қалыптастырудың алғашқы қадамына жол ашу. Жас лейтенанттарға тәрбие мен идеология, тәртіп пен әділдік тұрғысынан нақты бағыт-бағдар берілді.