Павлодарлықтарды жануарларға арналған ойыншықтар жасауға үйретеді

Қатысушылар мейірімге зәру төртаяқтыларға өз қолымен қуаныш сыйлайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жастар бастамаларын дамыту орталығы баспасөз қызметінің мәліметінше, 14 мамыр күні сағат 11:00-де «ЗооДостар» жобасы аясында «Добрые лапки» атты шеберлік сабағы өтеді. Іс-шара Ломов көшесі, 38-үй мекенжайында ұйымдастырылады.
– Шеберлік сабағы жануарларға қамқорлық танытып, оларға өз қолымен қуаныш сыйлағысы келетін тұрғындарға арналған. Қатысушылар жануарларға арналған жұмсақ ойыншықтар жасап, оларды баспаналарда мейірімге зәру төртаяқтыларға сыйлайды, – делінген хабарламада.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай игі шаралар тек жануарларға ғана емес, қатысушылардың өздеріне де шабыт сыйлайды. Кездесу барысында еркін әңгіме өрбіп, қатысушылар жануарларға көмектесудің қарапайым әрі әсерлі жолын бірге табады.