Павлодар облысында суға арналған әлеуметтік тарифтің қолданылуы тоқтатылды

Павлодар облысында суға арналған әлеуметтік тарифтің қолданылуы тоқтатылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосы

Механизм алты ай бойы жұмыс істеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысы бойынша Табиғи монополияларды реттеу комитеті департаментінің басшысы Нұрлан Нұрмұратовтың айтуынша, әлеуметтік норма оң нәтиже берген. Тұтынушылар шығындарын азайту мақсатында су есептегіш құралдарын орната бастаған.

Жаңа тәсіл аясында тұтыну көлеміне қарай саралау енгізілген: адам басына айына үш текше метрге дейін, үштен беске дейін, бестен 10-ға дейін және 10 текше метрден жоғары. Бірінші топ үшін тариф 97 теңге болып белгіленсе (ҚҚС-сыз), төртінші топ пен есептегіш құралдары жоқ тұтынушылар үшін бірден 194 теңге болған. Алайда бұл жүйені қолдану тоқтатылды. Қыркүйектен бастап халық үшін су тарифі өзгереді.

Қыркүйектен бастап есептегіш құралдары бар және жоқ тұтынушылар тұтыну көлеміне қарамастан су үшін ҚҚС-сыз бірдей 97 теңге төлейтін болады. Бұл жұмыс нақты тұтыну көлеміне негізделген сараланған тариф механизмін енгізу мақсатында жүргізілді, деді Нұрлан Нұрмұратов.

Департамент басшысының айтуынша, бұл бағалар жыл соңына дейін ғана қолданылады. 1 қаңтардан бастап жаңа жүйеге көшу жоспарлануда. Қазіргі таңда нормативтік-құқықтық акт әзірленіп, мемлекеттік органдар мен салалық қауымдастықтардың қарауында. Жаңа жылдан бастап жаңартылған механизм қолданысқа енгізіледі деп күтілуде.

Әзірге жұмыс жоспарлау кезеңінде. Бұл механизм қандай түрде жүзеге асады көлемдер өзгере ме, әлде есептеу формуласы ма әзірге нақты айта алмаймыз, деп нақтылады департамент басшысы.

Еске салайық, өңірдегі ұзақмерзімді тарифтер 2021 жылдан 2025 жылға дейінгі кезеңге есептелген. Биыл олардың қолданыс мерзімі аяқталады. Жаңа талаптар күшіне енгеннен кейін монополияға қарсы орган қызмет көрсетуші субъектілерден келіп түскен өтінімдерді қарауға кіріседі. Қазіргі таңда келесі бес жылдық кезеңге арналған шекті тарифтерді бекіту бойынша сегіз өтінім қаралуда. Өтінім берушілер қатарында электр энергиясы, жылу, су жеткізушілер және ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар бар.