Успен ауданында майлы дақылдар соңғы 10 жыл ішінде алғаш рет рекордтық өнім берді

Успен ауданында майлы дақылдар соңғы 10 жыл ішінде алғаш рет рекордтық өнім берді
Фото: Константин Шелков

Олар дәнді дақылдардың өнімділігінен асып түсті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Успен ауданының ауыл шаруашылығы биыл ерекше нәтиже көрсетті. Ауданда 326 шаруа қожалығы жұмыс істейді, оның ішінде 164 ауыл шаруашылығы құрылымы дақыл өсірумен айналысады.

Биыл майлы дақылдардың егіс көлемі 103 мың гектарға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда едәуір өсті. Аудан әкімі Нұрболат Мақашевтың айтуынша, бұл көрсеткіш соңғы 10 жылдағы рекордтық нәтиже болып отыр. 

– Биылғы жылы майлы дақылдардың өнімділігі гектарына 15 центнерге жетті. Осылайша шаруашылықтың бұл түрі дәнді дақылдардан асып түсті. Бұл мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау, заманауи агротехнологиялар және қолайлы ауа райының арқасында мүмкін болды, – деді әкім.

Сонымен қатар, суарылатын егіс алқаптары енгізіліп, көкөніс өсіру де оң нәтиже берді. Атап айтқанда, сәбіздің өнімділігі рекордтық деңгейге жетіп, гектарына 697 центнер болды, бұл өткен жылмен салыстырғанда едәуір көп. Өткен жылы бұл көрсеткіш гектарына 360 центнер болған еді.

Жалпы, ауданның ауыл шаруашылығы саласы тұрақты өсім көрсетіп, майлы дақылдар мен көкөніс өндірісінде жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді. Әкімнің сөзінше, бұл бағыттағы жұмыстар алдағы жылдары да жалғасатын болады.