Павлодар облысында суды заңсыз пайдаланудың 50-ге жуық фактісі анықталды
Заңбұзушыларға 20 миллион теңгеден астам айыппұл салынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс прокуратурасының мәліметінше, табиғат қорғау прокуратурасы Ертіс бассейндік су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану инспекциясымен бірлесіп, шаруашылық қажеттіліктер үшін суды заңсыз алу фактілерін анықтады.
Тексеру барысында ауыл шаруашылығы кәсіпорындары, коммуналдық ұйымдар, демалыс базалары және басқа да су пайдаланушылардың арнайы рұқсатсыз жерүсті және жерасты суларын алғаны белгілі болды.
– Су кодексінің талаптарын бұза отырып, су пайдаланушылар арнайы су пайдалануға рұқсаты болмағанына қарамастан, жерүсті және жерасты суларын алып отырған, – деп хабарлады прокуратурада.
Қадағалау актісі бойынша 15 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға жалпы сомасы 20 миллион теңгеден астам айыппұл салынды.
Прокуратура бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатқанын хабарлады.