«Ертіс орманы» аумағында қарағай тұқымын себу науқаны басталды

«Ертіс орманы» аумағында қарағай тұқымын себу науқаны басталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Бұл – болашақ орман алқаптарын қалпына келтіру мен кеңейтуге бағытталған маңызды экологиялық шара, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Мемлекеттік табиғи резерватының орман тұқымбақтарында кәдімгі қарағай тұқымын себу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.

– Жоспарға сәйкес, жалпы көлемі 8 гектар болатын аумаққа тұқым себіледі. Арнайы дайындалған топыраққа қарағай тұқымдары себіліп, олардың үсті ағаш үгіндісімен жабылды. Бұл ылғалды сақтап, тұқымның кебіп кетуіне жол бермейді. Сонымен қатар, күн сәулесінен қорғану үшін арнайы көлеңке қалқандары орнатылған. Өскіндер пайда болғаннан кейін қалқандар көтеріліп, жас көшеттерге көлеңке түсіріп тұрады, – деді «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының баспасөз қызметі.

Қарағай көшеттері екі жыл ішінде стандартты өлшемге жетеді. Осы кезеңде орман тұқымбағының мамандары тұқымдарға ерекше күтім көрсетеді. Оларға су құйылады, тыңайтқыштар беріледі, арамшөптерден тазартылады және зиянкестер мен түрлі аурулардан қорғану шаралары жүргізіледі.

Резерват өкілдерінің айтуынша, әрбір себілген тұқым – келешек жасыл орманның негізі. Бұл бастама экожүйені сақтау мен биологиялық әртүрлілікті арттыруға үлес қосады.