Железин ұстаздары мен оқушылары жасыл оазис қалыптастырды

Железин ұстаздары мен оқушылары жасыл оазис қалыптастырды
Фото: Павлодар облысының білім беру басқармасы

Мектеп ауласы облыстық «Жасыл желек» байқауында үш мәрте үздік атанды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық білім беру басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, Железин ауданындағы №2 жалпы орта білім беру мектебінің ауласы – жай ғана мектеп маңындағы аумақ емес, бұл нағыз жасыл оазис. 1,5 гектардан астам жерді жайнатып отырған ұжымның жетістігі облыс деңгейінде жоғары бағаланды.

1993 жылдан бастау алған оқу-тәжірибе учаскесі бүгінде бес бағытта жұмыс істейтін үлкен кешенге айналған. Мұнда көкөніс те, жеміс те, сәндік гүлдер де жайқалып тұр. Ақпан айынан басталған «көшет науқаны» жазғы егіс пен күзгі жиын-терімге ұласып, жыл бойы үздіксіз жалғаса береді.

– Біз үшін мектеп ауласын абаттандыру — жай ғана тазалық немесе көгалдандыру емес. Бұл – үлкен тәрбие мектебі. Бала өз қолымен дән сеуіп, оның қалай өскенін көргенде ғана еңбектің қадірін түсінеді. Біз оқушыларымызға тек биологиялық білім беріп қана қоймай, олардың бойына туған жерге деген ұқыптылық пен экологиялық мәдениетті сіңіріп жатырмыз. Өз қолымен ағаш еккен бала ертең біреудің еңбегін ешқашан аяқасты етпейді, – деді мектеп өкілдері.

Биыл да мектеп ауласында қызу жұмыс басталып кетті. 5-10-сынып оқушылары ұстаздарымен бірлесе отырып, болашақ өнімнің жоспарын құрып, көшеттерді баптауда. Мектептің облыстық «Жасыл желек» байқауының үш мәрте жеңімпазы атануы – осы бірлескен, қажырлы еңбектің лайықты бағасы.