Павлодар облысында заңсыз ірі қараларды әкетіп бара жатқан жүргізуші ұсталды

Павлодар облысында заңсыз ірі қараларды әкетіп бара жатқан жүргізуші ұсталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ол малдың шығу тегін растайтын құжаттарды ұсына алмаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Аймақта «Мал ұрлаушы» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында полиция қызметкерлері мал және ет өнімдерін тасымалдаған 300-ге жуық автокөлікті, 250 шаруа қожалығын және 153 мал мен ет өнімдерін өткізу орнын тексерді. Нәтижесінде құжатсыз ет өнімдерін тасымалдаудың екі фактісі тіркеліп, мал жаю қағидаларын бұзғаны үшін тоғыз мал иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар 115 иесіз мал мамандандырылған тұрақтарға орналастырылды.

– Атап айтқанда, Омбы тас жолында тәртіп сақшылары бес ірі қара малды тиісті құжаттарсыз тасымалдаған «Газель» автокөлігін тоқтатты. Жүргізушіде малдың шығу тегін растайтын құжаттар болмаған. Аталған дерек бойынша оны әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін материалдар жиналды, – деді облыстық ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Жаслан Танжанов.

Сондай-ақ Екібастұз – Бесқауға автожолының 18 шақырымында қараусыз жүрген 12 жылқы жүргізушілер үшін жол-көлік оқиғасы қаупін тудырған. Мал иесі бақташы жалдағанымен, ол жануарларды қараусыз қалдырған. Осы факті бойынша бақташыға қатысты әкімшілік хаттама толтырылды.

– Негізгі назар ет өнімдерін өткізудің заңдылығына аударылды. Ветеринариялық анықтамалардың және еттің шығу тегін растайтын ілеспе құжаттардың болуы, сондай-ақ сату талаптарының сақталуы тексерілді, – деді Жаслан Танжанов.

Полиция қызметкерлері мал иелеріне жануарларды қараусыз қалдырмауды, мал жаюға жауапты тұлғалармен міндетті түрде келісімшарт жасауды, сондай-ақ мал басын есепке алып, таңбалау, чиптеу және сырғалау жұмыстарын уақтылы жүргізуді ескертеді.