Павлодарда алкогольге тәуелді азамат көршілерінің наразылығын тудырды
Үй тұрғындары полицияға жүгінген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің бастығы Василий Склярдың атына Торайғыров көшесі, 73-үйдің тұрғындарынан «қаскүнем мінез-құлық көрсететін көршіні тәртіпке келтіруге көмектесу» жөнінде бірлескен өтініш келіп түсті. Тұрғындар өздерінің өмірі жағымсыз иіс, қоқыс, айқай-шу және күн сайын туындауы мүмкін қауіпті жағдайлар салдарынан «тозаққа айналғанын» жеткізген.
– Қауіпсіздік жоқ, подъезден шығудың өзі қауіпті. Оның үйіне күмәнді адамдар жиналады, олар да дөрекі мінез-құлық көрсетеді. Подъездегі антисанитарлық жағдай үлкен проблема болып отыр. Ол тазалық пен тәртіп ережелерін үнемі сақтамайды. Бұл біздің денсаулығымызға және жайлы өмірімізге әсер етеді: қоқыстың ішін ақтарып, үйіне жинап жүреді. Қарапайым ескерту жасасақ, ішімдік ішкеннен кейінгі агрессиясы мен орынсыз балағаттауы біздің абыройымыз бен қадір-қасиетімізге нұқсан келтіреді. Оның алкогольге тәуелді болуы тыныштығымызға, қауіпсіздігімізге және психологиялық әл-ауқатымызға айтарлықтай кері әсер етеді, – деп шағымданды үй тұрғындары.
Департаменттің баспасөз қызметі мәлімдегендей, өтініш учаскелік инспектор Ризабек Төкебаевқа тапсырылды. Инспектор барлық қажетті шараларды қабылдап, көршілердің куәліктері негізінде азаматты медициналық емге жіберді. Осылайша тұрғындардың көптен бері шешілмей келген мәселесі оң нәтижесін тапты.
Үй тұрғындары учаскелік инспектор мен облыстық прокуратура қызметкерлеріне алғыс айтып, видеожолдау арқылы ризашылықтарын білдірді.
– Біздің үлкен проблемамызға назар аударған барлық жандарға алғыс айтамыз. Әсіресе учаскелік инспекторымыз Ризабек Маратұлын атап өткіміз келеді. Ол барлық мәселелерге дер кезінде жауап береді. Ең бастысы, бүгін біздің негізгі мәселеміз шешілді: көршіміз ауруханаға емделуге жатқызылды. Енді үйімізде тыныштық орнады. Барлығына үлкен рахмет! – деді олар.
Өз кезегінде, полиция департаменті павлодарлықтарға оң бағалары үшін алғыс білдіріп, полицияның басты міндеті азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету екенін атап өтті.