Павлодар облысының әкімі әлеуметтік сала мамандарына алғыс айтты
Облыс әкімі Асайын Байханов Instagram парақшасында әлеуметтік сала мамандарын мерекемен құттықтады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірімізде 750-ден астам әлеуметтік сала мамандары адамдарға көмек көрсету, олардың өмір сапасын жақсарту және қиын сәтте қолдау көрсету жолында аянбай еңбек етіп келеді.
– Адамның жан жылуын қажет ететін бұл салада қайсарлық, төзім мен үлкен жүрек қажет. Сіздер сол қасиеттердің барлығын өз бойларыңызға жинап, мейірім мен қамқорлықтың шуағын күн сайын айналаңызға шашып келесіздер, – деді аймақ басшысы.
Оның сөзінше, әлеуметтік қорғау жүйесінде қызмет ететін мамандардың еңбегі – ізгілік пен адамгершіліктің жарқын көрінісі. Олар күн сайын түрлі тағдыр иелеріне қолдау көрсетіп, үміт сыйлап, өмірге деген сенімін қайтара біледі.
Сөз соңында Асайын Байханов мейірім мен қамқорлықтың символына айналған әлеуметтік қызметкерлерге зор денсаулық, отбасылық береке және кәсіби табыс тіледі.