Сәтбаевтың ашаршылық кезіндегі жанқиярлығы: Павлодарда тәрбие сағаты өтті
Әлихан Бөкейхан атындағы лицей-мектебінде академик, геолог және қоғам қайраткері Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың 125 жылдығына орай бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
1-11-сыныптар аралығында «Қ. Сәтбаев – ұлы тұлға» атты тәрбие сағаты мен «Мәңгі сөнбес – Қаныш Сәтбаев» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді. Аталған іс-шарада оқушыларға ғұлама ғалымның өмірі, балалық шағы мен ғылымға қосқан ерен еңбектері жөнінде құнды мағлұмат берілді. Қаныш Имантайұлының көпшілік біле бермейтін ерекше қасиеттеріне де тоқталып, өндіріс орындарын ашудағы зор еңбегін айрықша аталды. Ашаршылық кезіндегі жерлестеріне жасаған жанқиярлық көзсіз ерлігі жайлы да сөз етілді. Қазақстан ғылымының тарихында терең із қалдырған сан қырлы талант иесі тек ғалым ретінде ғана емес, қанатымен су сепкен қарлығаш секілді ашаршылық жылдары ондаған баланы аман алып қалған.
– Бүгін мектеп оқушылары қазақтан шыққан тұңғыш академик Қаныш ағамыздың өмірбаянымен, ғылыми еңбектерімен, қоғамдық жұмысымен танысты. Жерлес ғалымның құрметіне арналған іс-шараға қатысқан оқушылар айтылған әңгімелерді ұйып тыңдап, үлкен әсер алды. Бұл шараның басты мақсаты – ұлыларымызды құрметтеу, қастерлей білуге тәрбиелеу, – деді қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Бағдат Сибанбаева.
Сондай-ақ, «Қазақтың Қанышы. Тарих. Тағдыр. Тұлға» атты деректі фильмі көрсетілді.
Мектеп ұстаздары Г. Н. Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлерімен бірлесіп, «Дара дарын – Қаныш Сәтбаев» атты бірлескен көрме ұйымдастырды.