Павлодарда қала ішінде жүрген елік табиғи ортаға жіберілді
Тәртіп сақшылары мен орман шаруашылығы, ветеринария инспекторы жануарды ұстап, тексеріп шықты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жағалауда жүгіріп жүрген елік туралы қала тұрғыны хабарлаған. Оқиға орнына келген патруль жағалауда серуендеген адамдардың көз алдында жүрген елікті көрген.
– Еліктің бойында ешқандай зақым табылмады. Жануар Ертіс өзенінің жайылмасына автокөлікпен жеткізіліп, табиғат аясында жіберілді. Өміріне ешбір қауіп төніп тұрмағанын сезген жануар қырға қарай қашып кетті, – дейді департаментте.
Полиция департаменті мұндай жағдайларда жабайы жануарды басқа жерге ауыстыруға және оған өз күшімен көмектесуге тырысуға болмайтынын еске салады. Өздігінен әрекет еткеннін орнына 102 жедел арнасына қоңырау шалып, құзыретті мамандарға тапсырған дұрыс.