Павлодарда бір қоқыс үйіндісін жоюға қанша күн кетеді?

Заңсыз қоқыс үйінділерінен біржола құтылу әрдайым мүмкін бола бермейді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық экология департаменті мамандарының мәліметінше, жыл басынан бері Павлодарда 10 заңсыз қоқыс орны жойылды. Мамандар кейбір нүктелерге «тарихи» деп айдар тағып үлгерді. Солардың бірі – Павлодардағы Шарбақты көпірінің маңындағы үйінді. Тұрақты бақылауға қарамастан, бұл аумақтарда құрылыс және тұмыстық қалдықтары қайта жинала береді. Кінәлілерді анықтау мүмкін болмай отыр, себебі дәлелдер жоқ.
Облыстық экология департаменті басшысының орынбасары Әсет Сыздықовтың айтуынша, бұл учаске жыл сайын анықталып, жойылады. Алайда биыл үйінді қайта пайда болған.
– Ережеге сәйкес біз жергілікті әкімдікке ресми хатты бір тәулік ішінде жолдаймыз. Кейін жою мерзімін белгілеп, мәселені жұмыс тәртібімен шешеміз. Бір үйіндіні жоюға орта есеппен 10 күн кетеді. Бірақ жұмыс көлемі мен қаржыландыруға байланысты бұл мерзім бір айға дейін созылуы мүмкін. Басты мақсатымыз – қоқыс ошағын жою, – деді Әсет Сыздықов.
Салалық ведомство өкілдері қоқыс үйінділерінің қайта пайда болуына жол бермеу шаралары туралы да айтты.
– Біз бейнебақылау орнату, сондай-ақ автокөліктердің бұл аумақтарға кіруін шектеу үшін бетон қоршаулар қоюды ұсынамыз. Бұл – кешенді мәселе: полиция, әкімдік пен экологтардың үйлесімді жұмысы қажет. Ең маңызды шаралардың бірі – құқықбұзушыларға жауапкершілікті күшейту. Бұрын алғашқы бұзушылық үшін ескерту немесе аз мөлшердегі айыппұл салынатын. Ал осы жылдың наурызынан бастап ҚР ӘҚБтК-не сәйкес, жеке тұлғаларға 100-ден 1000 АЕК-ке дейін айыппұл қарастырылған. Қайталанған жағдайда айыппұл екі еселенеді, сондай-ақ заңсыз әрекет кезінде пайдаланылған мүлікті тәркілеу мүмкіндігі бар, – деп түсіндірді Әсет Сыздықов.
Өткен жылы облыста 172 заңсыз қоқыс орны анықталған. Бүгінде олардың 167-сі жойылды. Үшеуі расталмады, ал екеуінде жұмыс жалғасуда. Рейдтер қыс мезгіліне дейін жүргізіледі.
Еске салайық, өңірде қатты тұрмыстық қалдықтармен жұмыс істеу бойынша кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Жуырда экологиялық рұқсат алу мақсатында қоқыс өңдейтін зауыттың–сұрыптау орталығының бірінші кезеңін салу жобасы бойынша қоғамдық тыңдаулар өтті. Павлодар облысында жыл сайын шамамен 300 мың тонна қалдық пайда болады, оның тек үштен бірі – яғни 100 мың тоннасы ғана қайта өңделеді.
Өңірде 321 тұрмыстық қатты қалдықтар полигоны жұмыс істейді, бірақ олардың тек төртеуі ғана экологиялық талаптарға сай. Қалдықтарды басқару мәселелері қоғамдық кеңес отырысында да талқыланды. Кеңес мүшелері мен экобелсенділер қолданыстағы полигонның техникалық жағдайына алаңдаушылық білдірді. Нысанды пайдалану мерзімі тек 2027 жылға дейін жарамды.