Павлодар облысында шыбын-шіркейге қатысты шағымдар қай жерде көп?

Павлодар облысында шыбын-шіркейге қатысты шағымдар қай жерде көп?
фото: Константин Шелков

Дезинсекциялық жұмыстар тұрғындардың шағымдарын ескере отырып жүргізіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Шыбын-шіркейге байланысты шағымдардың көбі Екібастұз қаласы, Ертіс және Железин аудандарының тұрғындары тарапынан көп түскен. Осы өңірлердің әкімдері зиянкестерге қарыс шаралар туралы облыстық әкімдікте өткен аппараттық жиында айтты.

Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекиннің айтуынша, биыл дезинсекциялық науқанның қаржыландырылуы екі есеге артты. Мердігер ұйыммен 546 миллион теңгеге үш жылдық келісімшарт жасалды.

— Өткен жылғы тәжірибе мен ғылыми топтың ұсыныстарына сүйене отырып, қансорғыштарға қарсы өңдеу аумағы үш есеге кеңейтілді. Енді өңдеу жұмыстары Солнечный және Шідерті кенттерінде де жүргізіледі. Яғни, қосымша 10 мың гектар көлемінде жаңа аумақтар қамтылады. Сондай-ақ, 19 су қоймасы мен Сәтбаев арнасының аумағы жіті бақылауымызда, — дейді Аян Бейсекин.

Железин ауданында жұмыстар Ертіс өзенінің маңында орналасқан жеті елді мекенді қамтиды. Шыбын-шіркейге қарсы өңдеу аумағы бес есеге артады. Биыл ауданда алғаш рет әуеден өңдеу әдісі қолданылмақ. Ал Ертіс ауданы үшін бұл әдіс жаңа емес. Биыл ауданда 40 мың гектарлық өзен жағасында дезинсекциялық жұмыстар қолға алынады.

Биыл облыста жайылымдық аумақтағы зиянкестерге қарсы күрес үшін 182 мың келі препарат қолдану жоспарлануда, бұл өткен жылмен салыстырғанда 25 мың келіге артық.

Биологиялық құралдың алғашқы партиясы, яғни, 40 мың келі наурыз айының соңында жеткізілді. Ал қалған бөлігі сәуірдің алғашқы онкүндігінде келеді деп күтілуде. Мамандардың айтуынша, Bayer компаниясының препараттарынан бөлек, Польшада өндірілген жаңа препараттар да қолданылады.