Павлодар облысында мас күйінде көлік басқаруды қоймаған екі жүргізуші ұсталды
Екеуі де бұрын көлік тізгінінде мас күйінде ұсталған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Ақсу қаласында полиция қызметкерлері «Audi-100» маркалы автокөлікті тоқтатты. Жүргізушінің әрекеті полицейлердің күдігін туғызды. Куәландыру кезінде мамандар оның мас күйінде екендігін растады.
Сол күні Баянауыл ауданының Майқайың ауылында «Chevrolet Cobalt» маркалы автокөліктің жүргізушісі тоқтатылды. Бұл жүргізуші де мас күйінде көлік тізгініне отырған.
– Тексеру кезінде екі жүргізушінің де бұрын осыған ұқсас құқық бұзушылық үшін көлік құралын басқару құқығынан айырылғаны анықталды. Тыйым салынғанына қарамастан, олар қайтадан көлік жүргізіп, қайтадан мас күйінде отырған, – деп хабарлайды департаментте.
Жүргізушілер мас күйінде автокөлікті жүргізгені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылып, автокөліктер айып тұрағына қойылды.
Айта кету керек, 2023 жылы тәртіп сақшылары мас күйінде көлік құралын жүргізгені үшін бұрын жүргізуші куәлігінен айырылған 76 жүргізушіні ұстады.