Павлодар облысының тұрғындары тазалық айлығында жоғары белсенділік танытты

Павлодар облысының тұрғындары тазалық айлығында жоғары белсенділік танытты
Фото: Константин Шелков

Облыс әкімі Асайын Байхановтың қатысуымен өткен аппараттық жиында «Таза Қазақстан» экологиялық  айлығының қорытындысы шығарылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өңірде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық тұжырымдамасы аясында өткен абаттандыру және санитарлық тазалау айлығы қорытындыланды. 18 сәуір мен 18 мамыр аралығында ұйымдастырылған кең ауқымды экологиялық шараға өңір тұрғындары белсенді қатысып, елді мекендердің тазалығы мен көркеюіне үлес қосты.

Биыл аймақ бойынша 25 сәуірде жалпыөңірлік сенбілік өтіп, айлық аясында алпыстан астам іс-шара ұйымдастырылды. Оған 350 мыңнан астам адам, қырық мыңға жуық ұйым, кәсіпорын, оқу орындары мен қоғамдық бірлестіктер қатысты. Сонымен қатар, мыңнан астам арнайы техника жұмылдырылды.

Айлық кезінде облыс бойынша 45 мың тоннадан астам қатты тұрмыстық қалдық шығарылып, 1200 шақырымнан астам жол жиегі, жағалау аумақтары мен бос жатқан жерлер тазартылды. Полигондарда қоқысты тегін қабылдау ұйымдастырылды.

Көгалдандыру жұмыстары да ерекше назарда болды. Көктемгі маусымда аймақ елді мекендерінде отыз мың көшет отырғызылды. Оның ішінде шаһар көшелеріне  800-ден астам ағаш егілді. Ал Ертіс жағалауында ағымдағы жылғы мектеп түлектерінің аллеясы құрылып, онда 140 қарағай көшеті отырғызылды.

– Облыста алғаш рет ескі және апатты ағаштарды ірі аллеялық ағаштармен алмастыру жұмыстары қолға алынды. Бұл қалалардың экологиялық жағдайын жақсартып қана қоймай, көшелердің эстетикалық келбетін арттыруға мүмкіндік береді, – деді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ержан Иманзаипов.

Сонымен қатар, мыңнан астам аула аумағы мен 320 балалар және спорт алаңы ретке келтірілді. Он бес мыңнан астам метр қоршаулар мен шағын сәулет нысандары жөнделіп, сырланды. Ұзындығы 28,5 шақырым тротуар салу жұмыстары жүргізіліп, жоспарланған 132 балалар ойын алаңының 31-і орнатылып үлгерді.

Айлық барысында коммуналдық қызметтердің жұмысы күшейтіліп, күн сайын 450-ден астам техника үздіксіз жұмыс істеді. Контейнерлік алаңдардың санитарлық жағдайына бақылау күшейтіліп, полициямен бірлескен рейдтер нәтижесінде абаттандыру ережелерін бұзғандарға 350-ден астам нұсқама берілді.

Асайын Байханов атқарылған жұмыстарға оң баға беріп, бұл бағыттағы жұмысты алдағы уақытта да осы қарқында жалғастыруды тапсырды.

– Бұл жұмыстың қарқынын әрі қарай да сақтау керек. Кей тұрғындар ағаштарды кесу бойынша өтініштерін маған жазып жатыр. Сол себепті жұмысты одан әрі күшейту керек, – деді өңір басшысы.

Мамандардың айтуынша, айлық қорытындысы павлодарлықтардың туған жер тазалығына жауапкершілікпен қарайтынын көрсетті. Экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған мұндай шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады.