Павлодарда алаяқтар зейнеткердің екі миллион теңгесін иемденбек болды

Павлодарда алаяқтар зейнеткердің екі миллион теңгесін иемденбек болды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Полиция азаматтарды сақ болуға шақырады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, белгісіз адамдар өздерін мемлекеттік органдардың қызметкерлері ретінде таныстырып, зейнеткер әйелге банк шотына «шабуыл жасалғанын» айтқан. Психологиялық қысым көрсеткен олар әйелді жинаған қаражатын «қауіпсіз жерге» беру қажет екеніне сендірген.

Алаяқтар зейнеткерге тегін такси шақыртып, Геринг көшесіндегі үйдің жанына ақша алып келуді тапсырған. Сондай-ақ, ақшаны тапсыру кезінде «Шуба» деген код сөз айтылатынын ескерткен.

Белгіленген мекенжайға келген зейнеткерге бір әйел жақындап, код сөзді айтқаннан кейін екі миллион теңгені алған. Кейін екеуі де алаяқтардың құрбаны болғандарын түсініп, бірден полицияға жүгінген.

– Егер телефон арқылы сізді шұғыл түрде ақша беруге көндірсе немесе бұл туралы жақындарыңызға айтуға тыйым салса, әңгімені бірден тоқтату керек. Бейтаныс адамдардың нұсқауларын орындамай, дереу полицияға хабарласқан жөн, – деді Павлодар қаласы полициясының аға жедел уәкілі Бекзат Мақажанов.

Құқық қорғау органдарының айтуынша, алаяқтар адамдарды асығыс шешім қабылдату үшін психологиялық қысым көрсету әдістерін жиі қолданады.