Павлодарлық өрт сөндірушілер өндірістік аймақтағы апаттың бетін қайтарды
Қазіргі уақытта мамандар тілсіз жаудың шығу себебін зерттеуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, 112 қызметінің пультіне Павлодар қаласындағы өнеркәсіптік кәсіпорындардың бірінде өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түсті.
– Өрт сөндіру бөлімшелері оқиға орнына жедел жетіп, жұмыс істемейтін ЖШС цехындағы пайдаланылған майдың жануын дереу сөндірді. Құтқарушылардың үйлесімді әрі кәсіби әрекеттерінің арқасында оттың өзге аумақтарға таралуына жол берілмеді. Оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ. Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі мамандармен анықталуда, – делінген хабарламада.
Тілсіз жауды ауыздықтауға облыстық төтенше жағдайлар департаментінің 12 бірлік техникасы мен 48 жеке құрам қызметкері жұмылдырылды.