Павлодарда екі жүзден астам Ұлттық ұлан сарбазы ант қабылдады
Жас сарбаздар еліміздің әр өңірінен келген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Шығыс» өңірлік көшбасшылығы баспасөз қызметінің мәліметінше, 5512 әскери бөліміне әскери борышын өтеуге келген екі жүзден астам сарбаз Отан қорғауға салтанатты түрде ант берді. Еліміздің әр өңірінен келген жас сарбаздар енді бір жыл көлемінде Павлодар қаласындағы қала тұрғындарының қауіпсіздігін күзететін жауынгерлік қызметті атқаратын болады. Салтанатты шараға әскери бөлім басшылығы мен ардагерлері, сарбаздардың ата-аналары, құқық қорғау органдарының және «Сарбаздар аналары» комитетінің өкілдері қатысты.
– Құрметті сарбаздар, бүгін сіздер Қазақстан халқы мен оның заңды сайланған Президентіне ақтық демдерің қалғанша адал болуға, егеменді еліміздің Конституциясы мен заңдарын қастерлеп сақтауға салтанатты түрде ант бердіңіздер! Бұл – өте маңызды сәт! Ол үшін осынау байтақ даланы мирас қылып кеткен, ғасырлар бойы ерліктің, табандылық пен батырлықтың үлгісі болған батыр бабаларымыздың жолын жалғастыра білуіміз керек! – деді әскери бөлім командирінің міндеттерін атқарушы Аңсаған Болатбеков.
Сондай-ақ подполковник жауынгерлік қызметтеріне адал әрі қырағы болып, бір жылдық әскери борыштарын абыроймен орындап, аман-есен үйлеріне оралуларын тіледі.
Сарбаздар өз кезегінде Отан қорғаушы деген қастерлі ұғымға берік болып, өздеріне сеніп тапсырылған жауынгерлік міндеттерін абыроймен атқаруға сенімді екендерін жеткізді. Абай, Ақмола, Шығыс Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстарынан шақырылған Отан қорғаушылар жауынгерлік қызметтің қыр-сырын үйреніп, әскери жарғыларды жаттаған.