Павлодарда мыңнан астам бүлдіршін қатысқан фестивальдің үздіктері сахнаға шықты

Павлодарда мыңнан астам бүлдіршін қатысқан фестивальдің үздіктері сахнаға шықты
Фото: автор

Өңірде мектепке дейінгі ұйым тәрбиеленушілерінің шығармашылығын насихаттайтын дәстүрлі «Бүлдіршін» фестивалінің салтанатты гала-концерті өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өнер мерекесіне облыстық кезеңде гран-при мен бірінші орын иеленген балабақшалар, шағын орталықтар және жалпы білім беру мектептерінің мектепалды сыныптарының тәрбиеленушілері қатысты.

Фестиваль барысында кішкентай өнерпаздар вокалдық орындау, хореография, балалар оркестрі және көркемсөз жанрлары бойынша өз өнерлерін ортаға салды. 

Облыстық білім беру басқармасының мектепке дейінгі және орта білім беру бөлімінің бас маманы Ғалия Байдалинаның айтуынша, «Бүлдіршін» көпжанрлы облыстық фестивалі жыл сайын үш кезеңде өткізіледі. Алғашқы кезең білім беру ұйымдарында ұйымдастырылса, кейін аудандық және қалалық турлар өтіп, үздіктер облыстық кезеңде бақ сынады.

– Биыл облыстық үшінші іріктеу кезеңіне 136 мектепке дейінгі ұйымнан 1006 бала қатысты. Қазылар алқасының шешімімен 69 шығармашылық номер жеңімпаз және жүлдегер атанды. Оның ішінде төрт қатысушы гран-при иеленсе, 25 номер бірінші орынға, 25 номер екінші орынға, ал 15 номер үшінші орынға лайық деп танылды, – дейді бас маман. 

Аққулы ауданынан келген мектепалды сынып мұғалімі Сандуғаш Бикенева фестивальге қатысып, гран-при алған тәрбиеленушісінің ерекше қабілеті туралы айтып берді.

– Біз бұл байқауға шамамен екі-үш ай дайындалдық. Баланы таңдаған себебім – оның тіл байлығы өте жоғары, сөздік қоры мол. Ол Қазақстан туралы, еліміз туралы көркем сөздерді ерекше мәнерлеп оқиды. Әрбір сөзді анық айтып, сахнада өзін еркін ұстай алады. Әсіресе өлең оқығанды жақсы көреді, шығармашылыққа ынтасы зор, – дейді ұстаз.

Педагогтің айтуынша, бүлдіршін 20 шумақтан тұратын көлемді өлеңді жатқа мәнерлеп оқиды. Оның өнерге деген қызығушылығы мен табиғи таланты ұстаз еңбегінің нәтижесін көрсетеді.

– Мұғалімнің басты міндеті – баланың бойындағы дарындылықты ашу. Шәкірт жетістігінен ұстаз еңбегі көрінеді. Сондықтан балалардың қабілетін байқап, оны әрі қарай дамыту өте маңызды. Бұл бүлдіршіннің бойында ерекше қасиет бар екенін бірден аңғаруға болады, – дейді Сандуғаш Бикенева.

Ал кішкентай қатысушы Арай Төлеубай өлең жаттаудың өзіне ұнайтынын айтып, байқаудан ерекше әсер алғанын жеткізді.

Фестивальдің облыстық кезеңінде гран-при иегері атанған екібастұздық №8 сәбилер бақшасының тәрбиеленушілері –Дильназ, Анель және Таяна. Кішкентай өнерпаздар «Бүлдіршін» байқауында вокал жанры бойынша өнер көрсетіп, ән орындауда ерекше шеберліктерімен көзге түскен.

Тәрбиешілерінің айтуынша, балалар сахнада «Жақсы көрем атамды, жақсы көрем әжемді» әнін орындаған. Дайындық жұмыстары бір-екі ай көлемінде жүргізілгенімен, шығармашылық жұмыс оқу жылының басынан басталған.

– Біз дайындықты қыркүйек айынан бастап қолға алдық. Бұл жетістік – балалардың еңбегі, ата-аналардың қолдауы және балабақша ұжымының бірлескен жұмысының нәтижесі. Ата-аналар балаларды дайындықтарға үзбей әкеліп, барлық уақытта қолдау көрсетті. Қажет кезде көліктерімен тасымалдауға көмектесті. Ал сахналық костюмдерді балабақша атынан арнайы тіктірдік, – дейді тәрбиеші.

Гала-концерт соңында барлық жеңімпаздар дипломдармен және арнайы сыйлықтармен марапатталды.