Павлодарда Отан қорғаушылар күнінде Қуандық Рахым өнер көрсетеді
1,7, 9 күндеріне жалпы облыс бойынша 1000 іс-шара өтеді, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.
Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиында облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқан мәлім етті.
– Отан қорғаушылар күніне арналған салтанатты іс-шараны Естай атындағы мәдениет сарайында 5 мамыр күні өткізуді ұсынамыз. Мәдениет сарайының фойесінде көрме орнатылады. Көрмеде Ертіс-Баян өңірінен шыққан Ұлы Отан соғысының қатысушыларының облыстық музей қорларында сақтаулы тұрған жәдігерлері, олардың қатарында қолжазбалар, кәдесыйлар, кітап, қалам және басқа да заттар, ҚР Қарулы күштерінің құрылуы мен дамуының негізгі кезеңдері ұсынылады, – деді Медет Тауасқан.
Басқарма басшысының айтуынша, Н.Нұрмұхаммедов атындағы Павлодар облыстық көркемсурет музейі Отан қорғаушылар күніне орай «Ұлы дала батырлары» бейнелеу өнері байқауы жеңімпаздары жұмыстарының көрмесі ұйымдастырылады. Сонымен бірге, балалар техникалық мектебі тәрбиеленушілері мен мұғалімдерінің қолымен жасалған бұйымдардың «Техноленд» көрмесі өтеді. Жүргізушілері – Ардақ Қасымхан және Алла Гаврина.
– Кеш Иса Байзақов атындағы облыстық филармония, Жүсіпбек Аймауытов атындағы қазақ музыка драма театры әртістерінің және арнайы шақырылған Қазақстан эстрадасының жұлдызы Қуандық Рахымның қатысуымен жалғасады. Бүгінгі күні салтанатты шараның сценарийі мен бағдарламасы әзірленуде, – деді Медет Тауасқан.
7 мамыр күні Әскери Даңқ музейінде «Отан қорғаушылар» атты көрме өтеді.
Естеріңізге сала кетейік, Жеңіс күні қарсаңында ардагерлердің шоттарына 2 миллион теңге мөлшерінде біржолғы материалдық көмек аударылады, сондай-ақ 34 500 теңге сомасына азық-түлік жиынтығы табысталады.