Павлодарлық ақын республикалық әдеби байқаудан жүлдемен оралды
Жуырда республикалық «JAS QALAM» әдеби байқауы өз мәресіне жетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жас әдебиетшілерді қолдауға арналған байқау Қазақстан Жазушылар одағының ұйымдастыруымен, Алматы қалалық мәдениет басқармасының қолдауымен өтті.
Байқаудың басты ерекшелігі 18-35 жас аралығындағы қаламгерлердің балалар әдебиеті тақырыбында жазған туындылары арасында өтті. Оған ақындар поэзия, проза, драмматургия жанры бойынша жазған дүниелерін ұсынды.
Аталмыш әдеби додаға павлодарлық сатирик, ақын әрі соңғы уақытта аламан айтыстарда сүбелі жырларымен көзге түсіп жүрген Алпысбай Әбділұлы қатысып, поэзия жанры бойынша жүлделі II орынды жеңіп алды.
Үздік шығармалар «JAS QALAM» деген атпен кітап болып басылып шықты. Бұдан бөлек, осы жинаққа тағы бір жерлес жас қаламгеріміздің туындысы енді. Ол Қарлығаш Қашқынбайқызының балаларға арналған интермедиялар топтамасы.
- Бұл байқауға еліміздің барлық өңірінен қаламгерлер қатысты. Барлығы мықты. Ал өз басым осы байқауға сиясы кеппеген жаңа туындыларымды ұсындым. Атап айтқанда, балаларға арналған өлеңдер топтамасы мен метаграммалар және санамақтарымды жібердім, - дейді ақын.
Алпысбай Әбділұлы кішкентай оқырмандарға арнап шығарма жазатын әріптестерінің аздығын, дамытуды қажет ететін жанр екенін атап өтті. Әрі әдебиет салсындағы ең қызықты жанралрдың бірі екенін де тілге тиек етті.
Атап өтерлігі, қазіргі таңда ақын өзінің балаларға арнаған туындыларын топтастырып, кітап ретінде шығаруды жоспарлап отыр. Қаламгер бұл мақсатта дайындықты бастап кеткен.