Павлодарда Конституция күніне орай сирек басылымдары бар көрме ашылды

Биыл Ата Заңымыздың қабылданғанына 30 жыл толады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қазақстан Республикасының Конституциясы күні қарсаңында облыстық «Ertis» мұражайында «Құқықтық мемлекетке жол: Қазақстан Конституциясының тарихы» атты көрме ашылды.
Көрмеде облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорларынан алынған бірегей архивтік құжаттар, Павлодар облысының мемлекеттік архивіндегі материалдар, сондай-ақ, Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының сирек басылымдары ұсынылды. Экспозиция мемлекетіміздің құқықтық жүйесінің қалыптасу тарихын паш етіп, Конституцияның ел дамуындағы рөлін айқындауды мақсат етеді.
Г.Н. Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің басшысы Арман Алиақпаров Конституцияның тарихына тоқталды.
– Баршамызға таныс Конституциямыздың преамбуласында: «Біз, Қазақстан халқы, ортақ тарихи тағдырмен байланысқан, еркіндікке, теңдікке және келісімге берілген халық ретінде, өзіміздің егемендік құқығымызды негізге ала отырып, осы Конституцияны қабылдаймыз» деп жазылған. Бұл еліміздің екінші Конституциясы. Біріншісі 1993 жылы қабылданғанымен, ол ұзақ мерзімге арналмаған еді, билік тармақтарының тепе-теңдігі сақталмаған болатын. Сондықтан 1995 жылы қазіргі негізгі Заңымыз қабылданды, – деді ол.
Арман Алиақпаровтың айтуынша, Конституция жобасын әзірлеуге Сұлтан Сартаев, Салық Зиманов, Қайрат Сапарғалиев, Юрий Басин сынды белгілі заңгерлер қатысқан. Олардың еңбегінде әлемнің 20-дан астам елінің негізгі заңдары сарапталып, тәжірибесі ескерілген. Бүгінгі Конституция тоғыз бөлімнен, 99 баптан тұрады. Ең іргелі бөлігі – «Адам және азамат» тарауы.
– Әлемде барлық елдің Конституциясы бола бермейді. Мәселен, Ұлыбританияда, Канадада, Жаңа Зеландияда ресми Конституция жоқ. Ал ең көне әрі осы күнге дейін қолданыстағы Конституция – АҚШ-тікі, – деп атап өтті музей басшысы.
Көрмеде сөз алған профессор, саясаттану ғылымдарының докторы, тарих ғылымдарының кандидаты, Торайғыров университетінің Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі Арман Әбішев Конституцияның мән-маңызына ерекше тоқталды.
– Биыл Конституциямыздың қабылданғанына 30 жыл толып отыр. Бұл – ел үшін үлкен жетістік әрі абырой. Өйткені дамыған елдерде Конституция мемлекеттің даму деңгейін, қоғам мен азаматтық жетістіктерін және алға қойған мақсаттарын айқындайды. Қазақ тарихында да құқықтық құжаттардың дәстүрі бар. «Қасқа жол», «Ескі жол», «Жеті жарғы» секілді заңдар халықтың ең күрделі кезеңдерінде қабылданған. Бүгінгі Ата Заңымыздың да орны сол тарихи құжаттардан кем емес, – деді ол.
Арман Әбішев Конституцияға енгізілген реформаларға да тоқталды. Оның айтуынша, 1995 жылдан бері негізгі Заңға 1998, 2007, 2011, 2017 және 2022 жылдары түзетулер енгізілді. Соңғы өзгерістер Президент, Парламент және Үкімет арасындағы өкілеттіктерді қайта бөліп, жергілікті өзін-өзі басқарудың рөлін күшейтті. Бұл жаңалықтар елдің саяси дамуына оң серпін берді.
– Конституция Қазақстанды демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде айқындайды. Ол әрбір азаматқа құқықтары мен бостандықтарына кепілдік береді. Конституциямыздың қазіргі жағдайы мен Жаңа Қазақстанды құру жолындағы міндеттер бір арнада тоғысып, елдің алға жылжуына қызмет етуде екеніне сенімдімін, – деді профессор.
Көрмеге жиналғандар тарихи құжаттар мен сирек кітаптар арқылы Қазақстанның құқықтық дамуының кезеңдерімен танысты.