Павлодарлық блогерлер мен полиция қызметкерлері есірткі қаупіне қарсы бірігеді

Павлодарлық блогерлер мен полиция қызметкерлері есірткі қаупіне қарсы бірігеді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өңірде есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңес құрылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Оған қоғам қайраткерлері, жастар ұйымдарының өкілдері, блогерлер, журналистер, сондай-ақ құқық қорғау және денсаулық сақтау саласындағы сарапшылар кірді.

– Кеңестің негізгі мақсаты – есірткінің заңсыз айналымына қарсы күресте қоғам мен мемлекеттің күш-жігерін біріктіру, сондай-ақ олардың таралуының алдын алу бойынша тиімді шаралар әзірлеу, – деді облыстық полиция департаментінде. – Жұртшылық өкілдерімен бірлескен жұмыс ашық диалогқа, пікір алмасуға және есірткі қаупіне қарсы іс-қимылдың заманауи тетіктерін әзірлеуге негізделген профилактиканың тиімді жүйесін құруға мүмкіндік береді. 

Полиция департаменті кеңес мүшелерімен бірлесіп тыйым салынған заттарды, оның ішінде интернет-кеңістікте жарнамалау және тарату жағдайларын жедел анықтап, жолын кесетін болады. Тыйым салынған контентті анықтау және оны жою үшін тиісті органдармен жедел өзара іс-қимыл жасау тұрғысынан желінің мониторингіне ерекше назар аударылады.

Тәртіп сақшылары өңірдің әрбір тұрғынын шетте қалмауға, есірткінің заңсыз таралу фактілері туралы хабарлауға және профилактикалық іс-шараларға белсенді қатысуға шақырады.