Павлодарлықтар референдумда өз таңдауларын ұлттық киімде жасады
№55 референдум учаскесінде дауыс берушілер қарасы молаюда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Учаске №7 жалпыорта білім беру мектебінде орналасқан. Барлығы қалыпты жағдайда өткізілуде, дауыс берушілер құқықтары толық сақталған. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған пандус және басқа да жағдай бар. Дауыс берушілердің белсенділігі жоғары.
- Бүгін еліміз үшін ең маңызды күн. Референдумға халықтың легі көп. Олар азаматтық парызын өтеуге белгіленген учаскелеріне келіп, асыға басып келе жатқаны қуантады. Тағы бір ерекшелік – павлодарлықтар бастама көтеріп, референдумға ұлттық киім киіп өз таңдауын жасауда. Міне, біздер де балаларымыз бен немерелеріміздің болашағы үшін дауыс бердік, - деді белгілі тележурналист, қоғамдық қайраткер Ақмарал Сағынбекова.
Сайлау күні жаяу және көлікпен патрульдеу күшейтілді, әскери қызметкерлерді қоса алғанда, қосымша полиция қызметкерлері жіберіледі. Полиция, ұлттық қауіпсіздік комитеті, прокуратура және әкімдік өкілдерінен тұратын аймақтық арнайы топ ықтимал төтенше жағдайлар мен елеулі қоғамдық тәртіпсіздіктерге жедел әрекет ету үшін жіберіледі.
Павлодар облысында 535 сайлау комиссиясы құрылды: бір облыстық, 14 аудандық және қалалық және 521 учаскелік комиссия. Референдум учаскелері таңғы сағат 7:00-ден кешкі сағат 8:00-ге дейін жұмыс істейді.