Павлодарда Ертістің бойындағы бутик-қонақүйге сұраныс жоғары

Павлодарда Ертістің бойындағы бутик-қонақүйге сұраныс жоғары
Фото: Асқар Ғазизов

Келушілердің көбі – туристер, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қонақүй кешені жеті ай бұрын ашылды. Кәсіпкер Лариса Денцель басқаратын нысанның құрамында жайлы бөлмелер, дәмхана, SPA-аймақ және шаштараз салоны бар.

Келушілерге «Комфорт» және «Делюкс» санатындағы бөлмелер ұсынылады. Бір тәуліктің құны тиісінше 40 және 50 мың теңге. Таңғы ас қонақтың қалауына қарай бөлек беріледі.

Бөлмелер кондиционер, теледидар, жұмыс аймағы және жеке жуынатын бөлмемен жабдықталған. Сонымен қатар, тәулік бойы қабылдау қызметі, бөлмеге қызмет көрсету, тегін Wi-Fi және автотұрақ қарастырылған.

Кәсіпкердің айтуынша, нысанның басты ерекшелігі – шағын форматында.

– Біздің қағидамыз – бутик-қонақүй форматына сай. Мұнда жекелік, тыныштық және жайлы атмосфераға мән береміз. 16 нөмір болғандықтан, әр мейманға көңіл бөлуге мүмкіндік бар. Қазір тұрақты келушілеріміз де бар. Олардың талғамын, қалауын және қосымша қажеттіліктерін білеміз, – деді Лариса Денцель.

Оның айтуынша, Павлодарда орта және жоғары санаттағы орналастыру орындарына сұраныс бар. Әсіресе қалада түрлі іс-шаралар өткен кезде және іскерлік сапарлар кезінде бөлмелерге қажеттілік артады.

– Кей күндері барлық бөлмелер толып, қала бойынша қосымша орын ұсына алмайтын жағдайлар болады. Іскерлік сапармен келгендер бізде ұзақ уақытқа тоқтайды. Сондықтан мұндай форматтағы кәсіпорындарға сұраныс бар деп ойлаймын, – деді кәсіпкер.

Аталмыш кешен жобасын жүзеге асыруда мемлекеттік қолдаудың да маңызы болған. 2024 жылы бастама «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының жобалар картасына енгізіліп, ұлттық жоба аясында 50 миллион теңге көлемінде субсидия түрінде қолдау алған. 

Қазір мұнда жеті адам тұрақты жұмыс істейді. Бұдан бөлек, аумақты тазалау, сантехникалық және басқа да жұмыстарға алтыға жуық маман тартылады.

Атауы да отбасылық идеяға негізделген. Лариса Денцельдің айтуынша, «River» – өзенді, ал «Stone» — тасты білдіреді. Бұл жұбайының құрылыс жұмыстарына, ал өзінің ішкі жайлылық пен эстетикаға жауапты екенін атап өтті.

Нысан Ертіс өзеніне жақын орналасқан. Кәсіпкер алдағы уақытта екінші қабатты іске қосып, келушілерге арналған жазғы алаңды кеңейтуді жоспарлап отыр. Жылы мезгілде мұнда кешкі уақытта отырып, кофе, десерт және сусындарға тапсырыс беруге мүмкіндік жасалмақ.

– Жазда келушілер кешкі уақытта сыртта отырғанды ұнатады. Сондықтан жазғы алаңды жайлырақ еткіміз келеді. Адамдарға ыңғайлы болу үшін жұмыс уақытын да қажетіне қарай ұзартамыз, – деді ол.

Осылайша, алдағы кеңейту жұмыстары қызмет түрлерін көбейтіп, келушілерге ұсынылатын мүмкіндіктер аясын кеңейтуге бағытталған.

Бастапқыда аумақта дәмхана мен салон іске қосылған. Қазір мұнда Қазақстанның өзге өңірлерінен келгендермен қатар, шетелдік туристер де аялдайды. Мәселен, Израильден және жақын шетелдерден келушілер болған.

Еске сала кетейік, өңірде Novotel қонақүйінің құрылысы жүріп жатыр. Жаңа нысанның халықаралық әуе рейстерін дамытуға мүмкіндік берумен қатар, туристерге жоғары деңгейде қызмет етуге бағытталған.