Павлодар облысында аудан әкіміне үміткерлердің ең жасы 31-де
Сайлауға тіркелу 10 қазанда аяқталады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл жайлы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі Гүлсім Сүйіндікова мәлім етті.
– Ақтоғай, Шарбақты және Железин аудандарының әкімдерін сайлауға тіркелу жалғасуда. Бүгінгі таңда облыс бойынша бұл қызметке 19 кандидат ұсынылды. Атап айтатын болсақ, Ақтоғай ауданында – алтау, Железин ауданында – сегіз, Шарбақты ауданында – бес. Кандидаттардың ең кішісі 31 жаста болса, үлкені – 55 жаста. Олардың екеуі де Ақтоғай ауданы әкімінің қызметіне үмітті, – дейді Гүлсім Сүйіндікова.
Аудандық сайлауларға саяси партиялардан – тоғыз, өзін-өзі ұсыну тәртібімен он кандидат ұсынылды. Кандидаттардың 17-сі – ер азамат, екеуі – әйел. Үміткерлердің орташа жасы 43-ті құрайды.
Қазіргі уақытта аудан әкіміне кандидаттарды тіркеу жалғасып жатыр. Тіркеу ағымдағы жылдың 10 қазаны сағат 18:00-ге дейін жалғасады. Сайлау комиссиялары мемлекеттік органдармен бірге кандидаттар ұсынған құжаттардың шынайылығын тексеру жұмыстарын жалғастыруда.