Павлодарлық басқарма басшысы Баянауыл ауданында қызмет ететін болады

Альмира Дисюпова жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасында бес жыл басшылық еткен, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Конкурс қорытындысы бойынша Ардақ Кісентаевтың 2025 жылғы 2 мамырдағы №2-23/25 өкіміммен Альмира Дисюпова Баянауыл ауданы әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалды.
48 жастағы шенеунік Абай облысы Бесқарағай ауданының Кривинка ауылында дүниеге келген. Білімі жоғары, 1998 жылы С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетін «Бастауыш сынып мұғалімі» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын Аққулы ауданының Бесқарағай ауылында бөбекжай бақшасының тәрбиешісі болып бастаған. Әр жылдары мұғалім, спорт, білім беру басқармаларында, Успен, Павлодар аудандарында әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары болып жұмыс істеді.
2020 жылғы 21 сәуірінен бастап осы күнге дейін жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқарманың басшысы лауазымын атқарды.
Еске сала кетейік, биыл 17 шенеунік ротациялауға жатады. Білім беру, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі, құрылыс, қаржы басқармалары, Павлодар, Екібастұз қалалары әкімдерінің, Железин, Тереңкөл, Павлодар аудандары әкімдерінің орынбасарлары ротациялау тізіміне енді.