Павлодарлық энергетиктер «Еңбек Адамы-2025» байқауының жеңімпаздары атанды

Павлодарлық энергетиктер «Еңбек Адамы-2025» байқауының жеңімпаздары атанды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Байқауға 60-тан астам мамандық иесі қатысып, комиссия олардың еңбек өтілі мен кәсіби жетістіктерін бағалады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, жеңімпаздарды марапаттау рәсімі Жастар бастамаларын дамыту орталығында салтанатты түрде өтті. Компания атынан қатысқан үш жеңімпазға Қазақстан Халық партиясының (ҚХП) облыстық филиалынан Алғыс хаттар мен «Еңбек майталманы» медальдары табысталды.

Облыстық байқауға 60-тан астам түрлі мамандық иелері қатысқан. Комиссия жеңімпаздарды таңдау кезінде қатысушылардың еңбек өтілі мен кәсіби жетістіктерін мұқият ескерді.

– Алты жеңімпаздың үшеуі – «ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ компаниялар тобының қызметкерлері. Біз бұл кәсіпорында еңбек ететін керемет ұжыммен, дарынды жандармен тағы да кездесу мүмкіндігіне ие болғанымызға өте қуаныштымыз, еңбек адамын әрқашан қадірлеп келдік, қадірлейміз және қадірлей беретін боламыз, – деп атап өтті ҚХП ҚБ облыстық филиалы төрағасының міндетін атқарушы Алимбек Агибаев.

Жеңімпаздардың бірі – Павлодар 2-ЖЭО компрессорлық қондырғылар машинисі Юлия Капес.

– Мен «Еңбек адамы» байқауына қатысып, жеңімпаз атанғаныма өте қуаныштымын, өзімнің және ұжымымның еңбегінің бағаланғанын мақтан тұтамын! – деді ол. 

«ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ қызметкерлерінің бұл жеңісі өңірдің энергетика саласындағы кәсібиліктің жоғары деңгейін және еңбекке адалдықтың маңыздылығын тағы бір дәлелдеді.