Павлодар облысында зейнетақы көлемі артты

Павлодар облысында зейнетақы көлемі артты
Константин Шелковтың иллюстративті фотосы

1998 жылға дейін еңбек өтілі жоқ жаңа буын зейнеткерлер тек базалық және жинақтаушы төлемдер алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Павлодар облысы бойынша Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті департаментінің басшысы Алмагүл Мұхамедованың мәліметінше, өңірдегі зейнеткерлер саны – 124 540 адам. Мемлекет әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз ету мақсатында жыл сайын зейнетақы және әлеуметтік төлемдер мөлшерін индексациялап отырады.

– Биыл республикалық бюджет туралы Заңға сәйкес, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап ынтымақты зейнетақы мөлшері 8,5 пайызға өсті. Бұл көрсеткіш – Ұлттық банк белгілеген инфляция деңгейінен екі пайызға жоғары. Ең төменгі зейнетақы 62 771 теңге болып бекітілді, – деді Алмагүл Мұхамедова.

Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2023 жылдан бастап бес жыл ішінде ең төменгі базалық зейнетақыны күнкөріс деңгейінің 70 пайызына, ал ең жоғары мөлшерін 120 пайызына дейін біртіндеп арттыру басталған. Соның нәтижесінде 2025 жылы ең төменгі базалық зейнетақы 65 пайыздан 70 пайызға дейін көтеріліп, 32 360 теңгені, ал ең жоғарғысы 105 пайыздан 110 пайызға өсіп, 50 851 теңгені құрады.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры төлемдерін есептемегенде, зейнетақының орташа жиынтық көлемі 144 606 теңгеге жетті: оның ішінде ынтымақты бөлігі – 96 370 теңге, базалық бөлігі – 48 236 теңге.

– Кепілдендірілген зейнетақы мөлшері әр азаматтың зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне қарай белгіленеді. Бұл өтілге 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі мен 1998 жылдан кейінгі жинақтаушы жүйеге қатысу мерзімі кіреді. 1998 жылға дейін еңбек өтілі жоқ жаңа буын зейнеткерлері тек базалық және жинақтаушы зейнетақы алады, – деп түсіндірді Алмагүл Мұхамедова.

Оның айтуынша, ынтымақты зейнетақының үлесі жыл сайын төмендеп келеді. Сондықтан басқарма азаматтарға жинақтаушы жүйеге белсенді қатысудың маңыздылығын айтып келеді.

– Болашақта тек базалық және жинақтаушы зейнетақы төлемдері қалады. Осы себепті азаматтар 10 пайыздық міндетті жарналарын тұрақты аударуы керек. Ал жұмыс берушілер 2024 жылдан бастап қызметкерлердің пайдасына қосымша бес пайыз жарна төлеуге міндетті. Сонымен қатар ауыр және зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтіндерге тағы бес пайыз көлемінде жарна қосылады, – деді ол.

2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында Павлодар облысында зейнеткерлерге жалпы сомасы шамамен 108 миллиард теңге зейнетақы төленді.

Зейнетақы жүйесіндегі өзгерістер мен жаңа талаптар азаматтардың қаржылық жауапкершілігін арттыра түсуде. Бүгінгі таңда әрбір азаматтың болашақ зейнетақысы өз қатысу белсенділігіне тікелей байланысты болмақ.