Павлодар облысында балалар алаңдары мен спорттық аймақтар тексерістен өтеді

Павлодар облысында балалар алаңдары мен спорттық аймақтар тексерістен өтеді
Фото: Константин Шелков

Мамыр айының соңына дейін әкімдер облыс басшысына есеп береді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өңірде балалардың жазғы демалысы кезіндегі қауіпсіздік мәселелері аппараттық жиында қаралды. Облыс әкімі Асайын Байханов аудан және ауыл әкімдеріне 20 мамырға дейін барлық балалар және спорт алаңдарын толық тексеруді тапсырды. Оның айтуынша, әсіресе ауылдық жерлердегі алаңдардың жағдайына бақылауды күшейту қажет.

– Бұл жұмысты бір рет жасап қойып, жайбарақат отыруға болмайды. Алаңдар тұрақты бақылауда болуы керек, – деді аймақ басшысы.

Жиында балалардың терезеден құлап кетуінің алдын алу мәселесі де көтерілді. Облыстық білім беру басқармасының басшысы Айгерім Әбенова былтыр өңірде 17 жағдай тіркелгенін, ал биыл мұндай оқиғалар болмағанын мәлімдеді. Оның сөзінше, сәуір айының соңында өткен ата-аналар жиналысында бұл мәселе арнайы талқыланған. Сонымен қатар ТЖД қызметкерлерімен бірлесіп үш жүз интерактивті сабақ өткізілген. Қазір облыста республикалық «Окно – SAFE» акциясы өтіп жатыр.

Аппараттық жиында суға шомылу маусымына дайындық та сөз болды. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, Ертістегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты жағажайлардың түбі әлі толық тексерілмеген. Соған қарамастан өзен жағалауларында патрульдеу ұйымдастырылып, рұқсат етілмеген жерлерде шомылудың алдын алу шаралары күшейтілген.

Асайын Байханов балалар көбіне ұйымдастырылмаған жерлерде шомылатынын айтып, ата-аналармен түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

– Ертістің ағысы өте қатты. Сондықтан ата-аналар балалардың қай жерде жүргенін бақылауы керек, – деді облыс әкімі.

Жиында жазғы лагерьлердің қауіпсіздігі де қаралды. Полиция қызметкерлері балаларды тасымалдайтын автобустар толық сүйемелдеумен жүретінін хабарлады. Сонымен қатар, лагерьлерде күзет, қоршау және өткізу режимдерінің сақталуы тексеріледі.

Өңір басшысы барлық жауапты органдар балалардың қауіпсіздігіне ерекше жауапкершілікпен қарауы тиіс екенін атап өтті.