Павлодар мұз айдынында елдің мәнерлеп сырғанаушылары жарысады

Павлодар мұз айдынында елдің мәнерлеп сырғанаушылары жарысады
Фото: Константин Шелков

Турнирдің салтанатты ашылуы 29 наурыз күні сағат 10:45-те өтеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

29-30 наурызда «Астана» мұз сарайында «Көктемгі мұз» республикалық турнирі өтеді. Жарыстың ұйымдастырушысы – облыстық мәнерлеп сырғанау федерациясы.

–  Бұл облыс және қала басшылығының қолдауынсыз өтпес еді, облысымыз үшін айтулы спорттық шара. Біздің мақсатымыз – мәнерлеп сырғанаудан «Көктемгі мұз» турнирін Павлодар облысының көрнекті белгісіне айналдыру, – дейді ұйымдастырушылар.

Олардың айтуынша, жарыс өңірдің спорттық резервін және Қазақстан құрамасына үміткерлерді ресми халықаралық жарыстар мен қысқы Олимпиада ойындарына дайындауға көмектеседі.

«Көктемгі мұз айдынына» Павлодар, Астана, Алматы, Өскемен, Қарағанды, Теміртау, Қостанай қалаларынан 144 конькиші қатысады. Павлодар облысының басты мұз аренасында екі күн бойы төрт жастан асқан жас спортшылар, балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің, спорт клубтарының, Денис Тен академиясының, Элизабет Тұрсынбаева атындағы академияның тәрбиеленушілері, спорт шеберіне үміткер санатында өнер көрсететін кәсіпқойлар спорттық шеберліктерін көрсетеді.