Екібастұз ауылындағы оқушылар әскерилерді мергендігімен таңғалдырды
Атығай мектебінің жоғары сынып оқушылары пневматикалық винтовкадан ату шеберліктерін көрсетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Екібастұз қаласының ішкі саясат бөлімінің мәліметінше, қалаға Қазақстан Қарулы Күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығының шығармашылық ұжымы жұмыс сапарымен келді.
Сапар барысында әскери қызметшілер Атығай ауылының жоғары сынып оқушыларымен ерлік және әскери-патриоттық тәрбие сабағын өткізді.
Атығай мектебінің таңдалуы кездейсоқ емес. Жаңа білім ордасы биыл оқу жылы қарсаңында пайдалануға берілді. Сондай-ақ бұл – Павлодар облысында жеке тирі бар жалғыз мектеп.
– Оқушылар патриотизм, жауапкершілік және әскери борыш тақырыптарына қызығушылық танытып, көптеген сұрақ қойды, – деп атап өтті ішкі саясат бөлімінде.
Оқушылармен Ұлттық әскери-патриоттық орталық бастығының тәрбие, идеологиялық және әскери-патриоттық жұмыстар жөніндегі орынбасары, «Жас сарбаз» қозғалысының төрағасы, майор Мейірбек Мендіғалиев әңгімелесті.
Кездесуден кейін жоғары сынып оқушылары мектеп тирінде Калашников автоматын бөлшектеу және пневматикалық винтовкадан ату дағдыларын көрсетті. Іс-шара күрес залында, баскетбол жаттығуы және футбол матчымен жалғасты.
Сапар аясында әскери-патриоттық орталықтың шығармашылық ұжымы Екібастұздағы «Шахтер» саябағында «Қарулы Күштер – Жаңа Конституцияның берік тірегі» атты концерт қойды. Бағдарламаға музыкалық және би нөмірлері енді.