Павлодарлық волонтёр қазақ тілін үйрететін ЖИ платформасын іске қосты

Павлодарлық волонтёр қазақ тілін үйрететін ЖИ платформасын іске қосты
Фото: pixabay.com/Mohamed_hassan

Бұл жасанды интеллект дайын API‑модельдер негізінде жұмыс істейді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жобаның авторы – 17 жастағы волонтёр Дария Тоқтар. Оның айтуынша, идея адамдардың қазақ тілін үйренгісі келгенімен, сөйлеуге қысылатын жағдайынан туған.

– Мен корей тілін оқыту әдістемелерін көріп, оны қазақ тіліне бейімдеуді шештім. Алдымен тапсырмалар мен жеке тексеруі бар базалық сабақ өтеді. Кейін адамдар күн сайын өздеріне қызық тақырыптарда мәтін немесе дауыс хабарламалары арқылы сөйлеседі. Жасанды интеллект платформаны «сөйлейтін» етеді: жазысуға да, сөйлесуге де болады. Сонымен қатар, сабақтарда тілдің табиғи дыбысталуы үшін қазақ тілін жетік меңгерген азаматтардың дауысы қолданылады, – дейді Дария.

«Language Corner» жобасы бір жыл бұрын оффлайн курстардан басталған. Ол кезде сабақтар коворкингте өткізілетін. Қазір команда жобаны жаңа деңгейге көтеріп, толыққанды жасанды интеллект платформасын жасауды көздеді.

– Маңызды тұсы – әртүрлі кәсіби топтарға бейімделуінде. Платформаны мемлекеттік қызметкерлер, дәрігерлер, заңгерлер де пайдалана алады. Әр адам өзіне қажетті сөздікпен жұмыс істейді, сөйлемдер құрап, дауыс хабарламалары арқылы сөйлеседі. Осылайша оқу кездейсоқ емес, нақты қажеттілікке сай жүреді. Қазірдің өзінде 12 лек өтті, олардың басым бөлігі – жұмысына қазақ тілін қажет еткен ересектер, – деп түсіндірді автор.

Әдістеме бірнеше рет сыналған. Орташа курс үш айға созылады, бірақ оқу жазу, оқу және тыңдау дағдыларын дамыту үшін ұзартылуы мүмкін.

Қазір жоба жетілдіру кезеңінде, бірақ алғашқы нәтижелерін берді. Команда қазақ тілінің оқытушылары мен кәсіби мамандарды модельді табиғи әрі грамматикалық тұрғыдан дұрыс ету үшін іздеу үстінде.

Дария Тоқтар волонтёрлікпен белсенді айналысады. Ол облыстық жастар бастамаларын дамыту орталығында  инспектор болып жұмыс істейді. Сонымен қатар, халықаралық UNICEF ұйымы жанындағы жастар кеңесінің мүшесі. Ол корей мәдениетіне қызығады, ансамбльде би билейді. 

Еске салайық, Дарияның жобасы «Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығының 30 жылдығына арналған «Болашақтың 30 идеясы» байқауында екінші орынға ие болды. Жүлде ретінде берілген 300 мың теңге платформаны дамытуға бағытталады.