Солтүстіктен келген қонақ: самыркештер Павлодарды неге таңдады?

Солтүстіктен келген қонақ: самыркештер Павлодарды неге таңдады?
Фото: ашық дереккөзден

Биыл күзде «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының аумағында табиғат жанашырлары үшін тосын жаңалық байқалды. Бұған дейін бұл өңірде сирек кездесетін самыркештер биыл біршама жиі көзге түсе бастаған. Құстың мұндай жаппай қоныс аударуына не себеп? Ал олардың Павлодар өңірінде қалу ықтималдығы бар ма? @Pavlodarnews.kz тілшісі мамандармен бірге осы сұрақтардың жауабын іздеп көрді.

«Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты ғылым, ақпарат және мониторинг бөлімінің маманы Қанат Егембердиевтің айтуынша, самыркеш резерват аумағыда бұған дейін де мекен еткен. Алайда бұл құс біздің өңір үшін көп кездесе бермейтін түрлердің санатына жатады. Ал биыл күзде жағдай өзгеше сипат алып, самыркештер Павлодар облысымен қатар Қазақстанның өзге де өңірлерінде көптеп байқала бастаған.

Табиғат жанашыры бұған бірнеше фактордың әсер етуі мүмкін екенін алға тартады. Соның бірі – биылғы ауа райының өзгеруі.

Солтүстік тайгаларда қылқанжапырақты ағаштардың тұқымы мен жидектерінің өнімділігі төмен болған жағдайда, құстар үшін қорек қоры азаяды. Мұндай кезде самыркештер қорек іздеп, әдеттегі мекенінен алысқа ұшып, оңтүстікке қарай қоныс аударуы ықтимал.

Самыркештер негізінен қылқанжапырақты ағаштардың тұқымдарымен, жидектермен, сондай-ақ жәндіктермен және олардың дернәсілдерімен қоректенеді. Сондықтан табиғи ортадағы қорек қорының өзгеруі олардың қозғалысына тікелей әсер етуі мүмкін.

– Қазір бұл құстардың Павлодар өңірінде қанша уақыт аялдайтыны әзірге белгісіз. Алдағы көктемде олар солтүстік тайгаларға қайта орала ма, әлде кейбір өңірде қалып қоя ма – мұны уақыт пен тұрақты бақылау көрсетеді, – дейді Қанат Егембердиев.

Маманның айтуынша, бұл мәселе климаттың өзгеруі жағдайында ерекше қызығушылық тудыртыны анық. Табиғи жағдайлардың өзгеруі жануарлар мен құстардың таралу аймағына, қоныс аудару бағытына және мекендеу ерекшеліктеріне әсер етуі мүмкін.

– Егер самыркештер біздің өңірде тұрақты мекендей бастаса, олардың табиғи ортадағы рөлі де назар аударуға тұрарлық. Бір жағынан, бұл құстардың қорегінде түрлі жәндіктер мен олардың дернәсілдері бар. Олардың арасында орманға зиян келтіретін жәндіктер де кездеседі. Осы тұрғыдан алғанда, самыркештер орман экожүйесіндегі табиғи тепе-теңдікті сақтауға белгілі бір үлес қоса алады, – дейді ол.

Құстың тағы бір маңызды ерекшелігі – қылқанжапырақты ағаштардың тұқымдарын жинап, оларды әртүрлі жерге жасыруы. Қор ретінде сақталған тұқымдардың барлығын самыркеш кейін қайта тауып жей бермейді. Осылайша, олардың бір бөлігі табиғи ортада қалып, ағаштардың таралуы мен орманның табиғи жаңаруына ықпал етеді.

Алайда кез келген түрдің жаңа аумақта жаппай пайда болуы экожүйеге белгілі бір өзгеріс әкелуі мүмкін.

– Самыркештер ұсақ кеміргіштермен де қоректенеді. Сонымен қатар, олар қорек үшін басқа құстармен және тиындармен бәсекеге түсуі ықтимал. Сондықтан олардың өңірдегі санының артуы қалыптасқан қоректік байланыстарға және түрлер арасындағы бәсекелестікке әсер етуі мүмкін, – деді резерваттың өкілі.

Қазір «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының мамандары самыркештердің мекендеу ерекшеліктері мен қозғалысын мұқият бақылауда. 

Табиғаттағы мұндай өзгерістерді бір ғана себеппен түсіндіру қиын. Ауа райы, қорек қоры, табиғи циклдер және климаттық өзгерістердің барлығы құстардың қоныс аударуына әсер етуі мүмкін.

Самыркештердің жерсінуін немесе қайтадан басқа жаққа қоныс аударуын алдағы уақыт көрсетеді.