Павлодар облысында Қызыл кітапқа енген сирек қына сақталып келеді
Өсімдік жылына небәрі бес миллиметр ғана өседі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватында табиғаттың ерекше туындыларының бірі – бұғы кладинасы кездеседі.
Сырт көзге мүкке ұқсайтын бұл организм шын мәнінде саңырауқұлақ пен балдырдың селбесе тіршілік етуінен түзілген қына. Ақшыл сұр түсті, бұтақтанып таралатын қабаттары қарағайлы орманның төсенішінде табиғи кілемге ұқсас көрініс қалыптастырады.
Бұл түр Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген сирек өкілдердің бірі. Солтүстік Қазақстан оның таралу аймағының оңтүстік шекарасы саналады. Осыған байланысты оны сақтау еліміздің биоалуантүрлілігін қорғауда ерекше маңызға ие.
– Бұғы кладинасын қорғау арқылы біз Ертіс өңірінің бірегей қарағайлы ормандарын, олардың биоалуантүрлілігін және Қазақстанның табиғи мұрасын сақтаймыз, – деді «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының мамандары.
Бұл қынаның өсу қарқыны өте баяу – жылына небәрі 3–5 миллиметр ғана. Сондықтан үлкен алқаптардың қалыптасуына ондаған жыл қажет. Аз ғана зақымның өзі оның бұрынғы қалпына келуін ұзақ уақытқа созады.
Қазіргі кезде сирек түр құрғақ құмды топырақта, жарық мол түсетін қарағайлы ормандарда, мүктер мен өзге қыналардың арасында таралған. Осындай қолайлы орта «Ертіс орманы» резерватының аумағында жақсы сақталған.
Бұл организм топырақ түзілуіне қатысады, ылғалды сақтауға ықпал етеді, ауаның тазалығының табиғи көрсеткіші саналады. Сонымен қатар, солтүстік бұғыларының негізгі қорек көздерінің бірі болып табылады.Бұғы кладинасына орман өрттері, ағаш кесу, тапталу және ауаның ластануы қауіп төндіреді. Өте баяу өсетіндіктен, бүлінген алқаптардың қайта қалпына келуі көптеген жылдарға созылады.