Жасанды интеллект пен тәрбие: Павлодарда дәстүрлі тамыз конференциясы өтті

Жиынға әр ауданнан 500 педагог жиналды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Естай атындағы мәдениет сарайында дәстүрлі тамыз конференциясы өтіп, ұстаздар қауымы жаңа оқу жылының басым бағыттарын айқындады. Жиынға облыс педагогтары, білім саласының ардагерлері, министрлік өкілдері қатысты.
Конференцияны ашқан Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов ұстаздарға алғысын білдіріп, білім саласының қоғамдағы ерекше рөліне тоқталды.
– Бұл басқосу тек пікір алмасу алаңы емес, болашаққа бағдар беретін рухани кеңістік. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Бүгін саналы ұрпақ тәрбиелей алсақ, ертең заман көшінің басында жүреміз» деп атап өткен. Бала бақыты - ел бақыты, ал сол бақытқа жол ашатын - сіздер, – деді аймақ басшысы.
Жиында ең алдымен білім беру сапасын арттыру мәселесі сөз болды. Облыста 23 мыңнан астам педагог еңбек етеді. Соңғы екі жылда ұстаздардың еңбекақысына бөлінетін қаражат екі есеге өсіп, кәсіби санатын көтерген 15 мыңнан астам мұғалім үстемақы алуда.
«1000 білім беру көшбасшысы» жобасы аясында 21 қатысушының 17-сі білім мекемелерінің басшысы атанды. Сондай-ақ, соңғы үш жылда өңірде 12 жаңа мектеп ашылып, 182 білім беру ұйымы жаңғыртылды.
Облыста мектептерді қауіпсіздік жүйесімен қамту толық шешімін тапты. Биыл Павлодарда және Бірлік ауылында жаңа мектептер ашылмақ. Бұдан бөлек, Ертіс, Аққулы аудандары, Екібастұз және Ақсу қалаларында жаңа білім нысандары бой көтеруде.
Колледждерге мемлекеттік тапсырыс рекордтық деңгейге жетіп, 6 250 орын бөлінді. Бұл түлектердің толық жұмыспен қамтылуына жол ашты.
Өңір оқушылары өткен оқу жылында республикалық және халықаралық олимпиадаларда 329 медаль жеңіп алып, үздіктер қатарынан көрінді. Мектепке дейінгі біліммен 36 мыңнан астам бала қамтылып, үш және алты жас аралығындағы балалардың қатысу деңгейі 100 пайызға жетті.
Тамыздан бастап ваучерлік қаржыландыру жүйесі енгізіліп, кезек екі есе қысқарды. Конференцияда «Адал азамат – кәсіби маман» қағидаты негізінде тәрбие мен білімнің біртұтастығы, жас ұрпақтың қауіпсіздігі, сонымен бірге білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу мәселелері талқыланды.
Жаңа оқу жылында мектептерде жасанды интеллектіні білім беру процесіне енгізу басталмақ. Педагогтар цифрлық ресурстарды қолдану бойынша арнайы курстардан өтеді.
Жиынға Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Серік Әшіров қатысып, министрлік атынан құттықтау сөз сөйледі.
– Мемлекет басшысы білім беру сапасын арттыру, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жасанды интеллектіні енгізу және ұстаз мәртебесін қорғау жөнінде нақты бес міндет қойды. Бұл – ортақ борышымыз. Жыл соңына дейін балалардың мүдделерін ескеретін және отбасы, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, құқықтық қорғау, қауіпсіз орта құру, бос уақыт пен спортты ұйымдастырудың 7 стратегиялық бағытын қамтитын «Қазақстан балалары» атты бірыңғай бағдарламасы қабылданатын болады, – деді ол.
Жиын барысында өңір ұстаздарының жетістіктері атап өтіліп, жаңа оқу жылының негізгі міндеттері белгіленді.