Екібастұз тұрғыны ашық терезедегі баланы құтқарып қалды

Екібастұз тұрғыны ашық терезедегі баланы құтқарып қалды
Фото: жасанды интеллект

Құтқару видеосы әлеуметтік желіде кеңінен тарап кетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Екібастұзда тұрғын үй ауласында болған оқиға көпшіліктің назарын аудартты. Кеншілер көшесінде орналасқан көпқабатты үйлердің бірінде кішкентай бала ашық тұрған екінші қабат терезесіне жақындап, ойыншықтарын сыртқа лақтырып ойнап тұрған сәтте қауіпті жағдай орын алған.

Сол мезетте аулада болған Тоқан Байдильдин жағдайды бірден байқап, ойланбастан әрекет еткен. Ол бірінші қабаттағы қылтиманың қоршауына көтеріліп, одан әрі қылтима төбесі арқылы екінші қабатқа шығып, ашық терезе арқылы балаға жеткен. Оның айтуынша, бәрі бірнеше секундтар ішінде болған.

Тоқан Байдильдин оқиғаны былай еске алады.

– Бүлдіршінді көрген кезде еш ойланбастан құтқара кеттім. Сол сәтте ойымда ешқандай қорқыныш, үрей болмады. Кейін ғана бұл жағдайдың қаншалықты қауіпті болғанын түсіне бастадым. Мен үшін ең бастысы – баланың амандығы болды, – деді қала тұрғыны.

Ол терезеге жетіп, үй ішіндегі адамдарды шақырған. Осы сәтте баланың анасы да жүгіріп келген. Әйелдің айтуынша, ол басқа бөлмеде екінші баланы қарап отырған, ал үлкен бала сол уақытта терезеге шығып үлгерген.

Оқиға соңында ер адам баланы үй ішіне кіргізген. Бүлдіршіннің анасы баласының өмірін сақтап қалғаны үшін оған алғысын білдірген. Қазіргі таңда баланың жағдайы жақсы.

Айта кетейік, Тоқан Байдильдин – 59 жастағы, автобус жүргізушісі. Ол өзін батыр деп санамайтынын алға тартты. Алайда айналадағы адамдар оның әрекетін ерлік ретінде бағалауда. Баланы құтқару сәті бейнетаспаға түсіріліп, әлеуметтік желілерде таралып, дүйім жұрт жылы пікірлері мен алғыстарын жарыса жазып жатыр.