Жер астындағы тіршілік: Ертіс орманында соқыртышқан байқалды
Орман резерватында кәдімгі соқыртышқан видеоға түсті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының мамандары мәлімдеді. Кәдімгі соқыртышқан (Ellobius talpinus) — Еуразияның далалық және орманды-дала аймақтарын мекендейтін ұсақ кеміргіш. Ол негізінен жер астында тіршілік етіп, топырақта күрделі індер жүйесін қазады.
– Жер астында өмір сүретін бұл ұсақ кеміргіш топырақтың құрылымына әсер етіп, орманды-дала экожүйесіндегі табиғи үдерістерге қатысады. Бұл кеміргіш өсімдіктердің жер астындағы бөліктерімен, соның ішінде тамырларымен, пиязшықтарымен және түйнектерімен қоректенеді. Сондықтан оның тіршілігі жекелеген аумақтардағы өсімдік жамылғысының құрамына да ықпал етуі ықтимал, – дейді резерваттағылар.
Мамандардың айтуынша, соқыртышқанның ерекшелігі – өмірінің басым бөлігін жер астында өткізуі. Ін қазу арқылы топырақты қопсытып, ауа алмасуына ықпал етеді. Сондай-ақ топырақ бөлшектерін қозғап, жер бедерінің шағын пішіндерінің қалыптасуына әсер етуі мүмкін.
Бұған қоса аталған жәндік кейбір жыртқыш сүтқоректілер мен құстарға қорек болады. Осы арқылы табиғи қоректік тізбектің сақталуына қатысады.
Осылайша, сырт көзге байқала бермейтін соқыртышқанның тіршілігі Ертіс орманы резерватындағы табиғи тепе-теңдікпен тығыз байланысты. Оны зерттеу топырақ пен өсімдік жамылғысының өзара байланысын және экожүйедегі табиғи үдерістерді тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.
Еске сала кетейік, бұған дейін «Ертіс орманы» аумағында сирек кездесетін самыркештер биыл біршама жиі көзге түсе бастаған. Алайда бұл құс біздің өңір үшін көп кездесе бермейтін түрлердің қатарына жатады.