Павлодарда апатты ағаштар кесіліп, орнына жөке көшеттері отырғызылып жатыр
Асайын Байханов қаланы абаттандыруға үлес қосқан кәсіпкерге алғыс айтты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңір басшысы жергілікті кәсіпкердің қолдауымен 50 түп жөке ағашы отырғызылған саябақта болды.
– Жаңа ағаштарды отырғызу облыс орталығын абаттандыру және көгалдандыру бойынша кешенді науқанның бір бөлігіне айналды. Жұмыстар дендрологиялық жоспарға сәйкес жүргізілуде. Кешенді жұмыстар аясында ескірген және апатты жағдайдағы ағаштарды кесу, ұзақ әсер ететін минералды тыңайтқыштар енгізе отырып тозған топырақты ауыстыру, сондай-ақ ірі көлемдегі ағаштарды отырғызу қарастырылған, – деді облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Өткен жылы Павлодарда шамамен 600 жөке ағашы отырғызылды. Қаланың негізгі көшелері бойында да ауқымды көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Естай көшесінен Толстой көшесі аралығындағы Назарбаев даңғылында 148 жөке ағашы, ал Ак. Сәтбаев көшесінен Назарбаев даңғылына дейінгі Ак. Шөкин көшесінде 152 түп жөке ағашы егілді.
Осы жылы қала көшелерінде 900-ден астам ағашты қайта жаңарту жоспарланып отыр. Қазіргі таңда Астана көшесінде, Ак. Бектұров көшесінде, сондай-ақ Қайырбаев көшесі бойындағы шағын саябақта 200-ден астам ұсақ жапырақты жөке ағашы отырғызылды. Сонымен қатар Назарбаев даңғылы бойындағы облыстық тіс емханасынан Ак. Шөкин көшесіне дейінгі аумақта 80 жөке ағашын отырғызу арқылы жасыл желекті қайта жаңарту көзделген.
– Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша 2026 жылы өңірдегі ең ірі экологиялық жобалардың бірі – Павлодардың жасыл белдеуін қалыптастыру жұмыстары жалғасады. Шарбақты көпірінің арғы бетінде шамамен 17 мың көшет отырғызу жоспарлануда. Жоба үшін ауа-райына және қалалық жағдайларға барынша төзімді ағаш түрлері таңдалды: ақ терек, тал, қарағай, сирень, үйеңкі және шаған, – делінген хабарламада.
Асайын Байханов көшет отырғызу жұмыстарының сапасына бақылауды күшейтуді, көшеттердің жоғары деңгейде жерсінуін қамтамасыз етуді, жүйелі күтімді ұйымдастыруды және облыс орталығының жасыл қорын кешенді жаңғырту жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.