Қазақстан мен Өзбекстан президенттері Жоғары мемлекетаралық кеңес отырысына қатысты
Жиынның күн тәртібінде екі елдің сауда-экономика, көлік-транзит, су-энергетика және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық мәселелері қарастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі Ақорда сайтына сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы қонақжайлығы үшін Президент Шавкат Мирзиёевке ризашылығын білдіріп, сапарының басты мақсаты – қос халықтың достығын нығайтып, тату көршілік байланыстарын күшейту, сондай-ақ түрлі саладағы өзара тиімді ықпалдастықты дамыту екеніне назар аударды.
– Құрметті Шавкат Миромонович, өзіңіздің қажырлы еңбегіңіздің арқасында еліңізде көптеген оң өзгеріс болып жатыр. Халықтың әл-ауқатын жақсартуды көздейтін маңызды бастамалар қолға алынды. Өзбекстан – біз үшін туыстас, ағайын ел, тату көрші әрі сенімді серіктес. Қос ел арасындағы достықтың тамыры терең, халықтарымыздың рухани құндылықтары ортақ деуге болады. Қазақ-өзбек қарым-қатынасы стратегиялық серіктестік және одақтастық рухындақарқынды дамып келе жатыр, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық ахуал аумалы-төкпелі кезеңде сан қырлы ықпалдастықтың даму қарқынын арттыру қажет екенін атап өтті.